Accessibility links

Қазақстанда 18 наурыз – мәжіліс пен мәслихатты сайлау алдындағы "тыныштық күні"


Орталық сайлау комиссиясы.
Орталық сайлау комиссиясы.

Қазақстанда 18 наурыз – "тыныштық күні". Мәжілісті және мәслихатты сайлауға бір күн қалғанда сайлауалды үгіт-насихат пен сайлауға қатысты сауалнама нәтижесін жариялауға, сайлау қорытындысы туралы болжам жасауға тыйым салынған.

Елде сайлауалды үгіт-насихат кезеңі 18 ақпанда сағат 18.00-де басталып, 17 наурызда 23.59-да аяқталды.

"ҚазАқпараттың" хабарлауынша, бас прокуратура 14 наурыздан бері ақпарат құралдарының сайлауға қатысты "қандай да бір сауалнама, зерттеу нәтижесі, сайлау нәтижесіне қатысты қандай да бір болжам жариялауына жол берілмегенін" айтқан.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау күні елде 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Басым бөлігі таңертеңгі 7.00-де жұмысын бастайды.

Осы жолғы парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау аралас жүйемен өтпек. Енді мәжілістегі 98 депутаттың 69-ы партиялық тізіммен, қалған 29-ы бірмандатты округтерден өзін-өзі ұсыну арқылы сайланбақ.

Ақпанда кандидаттарды тіркеу аяқталған кезде ОСК "бірмандатты округтер бойынша мәжіліс депутаттығына өзін-өзі ұсынған 435 адамның өтініші қабылданды: 76-сын жеті саяси партия ұсынған, ал 359-ы – өзін-өзі ұсынғандар" деп мәлімдеген еді. Содан бері өзін-өзі ұсынған қанша кандидат қалғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ.

Бұған дейін елде кейбір белсенділер "декларациядағы сәйкессіздіктерге" байланысты өздерін "сайлаудан заңсыз шеттеткенін" айтқан. Кей белсенділер "уақытынан бұрын үгіт-насихат жүргізгені үшін" де үміткер куәлігінен айырылған. Ал ОСК мұндай шешімдердің саяси сипаты барын іс жүзінде жоққа шығарған.

Бір күн бұрын ОСК сайлауалды науқан кезінде мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттардан 166 шағым түсті, 135-і округтік сайлау комиссияларының кандидаттарды тіркеуден алып тастау туралы шешіміне байланысты деп мәлімдеген. 49 өтініш орындалған, 84-і орындалмаған. ОСК мәліметінше, округтік комиссиялардың шешімімен мәжіліс депутаттығына үміткерлердің алтауының кандидаттығы қайтарылған.

ОСК ақпанда түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына 10,2 мың үміткер тіркелгенін хабарлаған. Қазір олардың қаншасы қалғаны да белгісіз.

Қазақстанда мәжілісті сайлауға өзін-өзі ұсыну институты 2007 жылы жойылған. Сол кезден бері мәжілісті сайлау тек пропорционал жүйе бойынша өтіп келді. 2018 жылы жергілікті өзін-өзі басқару органы – мәслихатқа сайлау да тек партиялық тізім бойынша өтті.

Қаңтар оқиғасында наразылыққа шыққан халық саяси жүйені түбегейлі өзгерту жайлы талап қойған соң, президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр наурызда халыққа арнаған жолдауында мәжіліс пен мәслихатты пропорционал және мажоритар жүйе арқылы сайлауды ұсынды. Ізінше сайлау заңнамасына тиісті өзгертулер енгізілген.

Сайлауға бірмандатты округтер бойынша жеке кандидаттардың қатысуына мүмкіндік берілсе де, сыншылар бәсекелі сайлау емес, оның имитациясын ғана көріп отырғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG