Accessibility links

"Жағдай одан сайын қиындап барады". Ақтөбе облысында су басқан ауыл тұрғындары көмек жетпей жатқанын айтты


Су басқан Қаратал ауылы. Ақтөбе облысы, 17 наурыз, 2023 жыл.
Су басқан Қаратал ауылы. Ақтөбе облысы, 17 наурыз, 2023 жыл.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданыдағы Қаратал ауылын су басты. Ауыл іргесіндегі өзен арнасынан асып, ауылға жайылған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 10-ға жуық үйге су кіріп, екі көшенің бойындағы үйлердің ауласы суға толған. Судың кесірінен ауылдағы газ құбырында апат болып, ауылға газ беру тоқтаған.

Ауыл азаматтары төрт күн бойы 3-4 шақырымдық бөгет салып, суды біраз тежеген. Кеше, 17 наурызда қызыл су бөгетті жарып кеткен.

Қараталдың 64 жастағы тұрғыны Болат Сағатовтың айтуынша, ауыл судың ортасында қалған, жолдар жабылған. Қазірге дейін елді мекенге судың қарқынын тоқтататын техникалар жетпеген.

– Төтенше жағдайлар қызметінен төрт адам ғана жүр. Қолдарында еш техника жоқ. Құтқарушылардың мал-жанды эвакуациялауға ғана күші жетіп жатыр. Кеше облыс әкімі Ералы Тоғжанов тікұшақпен келіп, жағдайды қарады да, кетті. Аудан әкімі ауылда қайықпен жүр. Ешкім ештеңе істей алмай жатыр. Ауыл жергілікті азаматтардың көмегімен тұр, – деді тұрғын сенбі күні Азаттыққа.

Тұрғындар жіберген видеоға қарағанда, ауылдың орталық көшесі түгел суға кеткен. Ондағы кітапхана, емхана, интернат, 10-ға жуық үй мен ауланы су басқан. "Бірінің сарайы, бірінің қорасы құлады" деді ауыл тұрғыны.

Үйлерін су басқан халық мектепке эвакуацияланған. Мал-жан көшірілген жерге де су жеткен.

– Малды басқа жаққа көшіріп жатыр. Көп үйдің ішіне су кірген. Бірақ көбі үйінің есігін аша алмай отыр. Өйткені ауласындағы су тізеге дейін жетеді, – деді тұрғын Бекнар Қаратай.

Тұрғындар облыстан көмек жетпей жатқанына, облыс әкімінің "жағдай тұрақталды" деп хабар таратқанына наразы. Олардың айтуынша, кеше республикалық телеарналар "су ауылдың көшесін ғана басқан, жағдай тұрақты" деп ақпарат таратқан.

– Қазір жағдай одан сайын қиындап жатыр. Судың тоқтайтын түрі жоқ, адамның күші жетпей бара жатыр, – дейді Болат Сағатов.

17 наурызда Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ауылға тікұшақпен барып, жағдайды бақылап, тұрындармен сөйлескен.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегінше, екі үйді, 12 ауланы су басқан. Тұрғындар қазір су басқан үйлер мен аулалар саны көбейгенін айтты.

– Қолға алынған шаралардың нәтижесінде су деңгейі төмендеді. Халыққа төнген қауіп жоқ, мектепке көшірілген тұрғындар үйіне қайтып жатыр. Зардап шеккендердің бәріне көмек беріледі. Жағдай тұрақты, – деп жазды әкімнің баспасөз қызметі.

Бес күн бұрын, 13 наурызда Ақтөбе облысында Қобда ауданының орталығын су алған еді. Апат аймағына барған Азаттық тілшісі он шақты ғимарат құлағанын көрді. 100 шақты адам эвакуацияланған. 14 наурыз кешкісін ауылда төтенше жағдай жарияланды.

Ақтөбе әкімдігінің 14 наурызда таратқан ақпаратына қарағанда, Қобдадағы 47 ауланы су басып, 15 үйге су кірген. Бұл дерек күні бойы жаңарған жоқ. Әкімдік құлаған құрылыс санын да айтпай отыр.

Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің "ешбір елді мекенді су баспайды, жағдай тұрақты, бақылауда" деген мәлімдемесінен бірер сағат өткен соң, Қобдада тасқын басталған.

Ақтөбе облысында күн күрт жылынып, қар еріп, өзен тасыған соң, жолды су шайып, көп ауыл көлік қатынасынсыз қалды. Ойыл, Байғанин, Темір, Қобда, Шалқар аудандарында кейбір үйлерді су алған.

Жергілікті халық жылда қайталанатын жағдайға алдын ала қамданбады деп билікке наразы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG