Accessibility links

Ұлыбритания СІМ Қазақстанға мұнай-газ экспорттайтын балама бағыт табуға көмектесуге дайын екенін мәлімдеді


Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли Астанадағы брифинг кезінде. Астана, 2023 жылғы 18 наурыз.
Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли Астанадағы брифинг кезінде. Астана, 2023 жылғы 18 наурыз.

Астанаға ресми сапармен келген Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли Лондон Қазақстанға мұнай және газ экспорттайтын жаңа бағыт табуға көмектесуге әзір деп мәлімдеді.

Сенбі күні Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесуден кейін өткен брифингіде тараптар Ресейді айналып өтетін Транскаспий бағытын дамыту мәселесін талқылады.

– Қазақстан мұнай-газын тасымалдаудағы іркілістерді талқылау мүмкіндігі болды. Мұнай, газ сияқты қазақстандық өнімдерді экспорттаудың балама жолын табу мақсатында Ұлыбритания Транскаспий дәлізі жобасын дамыту бойынша көмектесуге дайын. Қазақстан үкіметімен экономикалық базаны қорғау мен әртараптандыру амалдарын зерттеу бойынша әрі қарай да жұмыс істей береміз, – деді Клеверли.

Былтыр Ресей Каспий құбыр желісіндегі "ақау" туралы бірнеше рет мәлімдеп, Қазақстан шикізаты Еуропаға жетпей қалған. Мәскеу сол кезде Новороссийск портында қондырғылар істемей қалғанын, тағы бірінде Қара теңіз акваториясын Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған миналардан тазарту қажет болғанын, сонымен бірге экология ережелері бұзылғанын айтқан. Кей сарапшылар тасымал тоқтатылғанынан саяси астар іздеген. Олар Мәскеу Астананы Украинаға қатысты саясатын қолдауға мәжбүрлеп отыр деген болжам айтқан.

Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы Қазақстан мұнайының 80 пайызы Еуропаға тасымалданады.

КТК-дағы ақаулар қайталанғаннан кейін Астана мұнай-газ экспортын әртараптандыруға мүдделі екенін және Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізін дамытқысы келетінін айтқан.

Клеверли Астанаға сапары кезінде Лондон Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаған Қазақстанның позициясын жоғары бағалайды деп мәлімдеді.

Мәскеудің одақтасы саналатын Қазақстан оның Украинаға басып кіруін ашық айыптаған жоқ, бірақ Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтейтінін айтқан. Астана Ресейдің украин өңірлерін аннексиялағанын да мойындаған жоқ.

Ұлыбритания – Киевтің қаржылай және әскери көмек беріп отырған негізгі одақтастарының бірі.

Джеймс Клеверли 18 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.

Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев Клеверли сапарын екіжақты әріптестікті ары қарай дамыту тұрғысынан алғанда, маңызды әрі өзекті деп бағалады.

"Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Мен сіздің жақында сыртқы істер министрлігінде сөйлеген сөзіңізді тыңдадым. Онда Ұлыбританияның сыртқы саясаттағы ұзақмерзімді ұстанымы қамтылды және шын мәнінде өте маңызды мәселелер айтылды" деді Тоқаев. Оның сөзінен Ақорда сайты үзінді келтірді.

Клеверли Астанада азаматтық қоғам өкілдерімен және британ оқу орындарын бітірген түлектермен кездескен. Ол Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның құрметіне арналған алаңқайды ашу рәсіміне қатысқан.

Клеверли Қазақстанға АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Астанаға сапарынан кейін екі апта өткен соң келіп отыр. Сарапшылар Украинадағы соғыс Батыс елдерін Мәскеудің ықпал ету аймағы болса да, оның әскери басқыншылығын қолдамай отырған Орталық Азияға қатынасын қайта қарауға мәжбүрлеген деп біледі. Кейбір сарапшылардың ойынша, Батыс саясаткерлері Орталық Азия елдеріне Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектеспеуді ескерткен.

XS
SM
MD
LG