Accessibility links

Тоқаев дауыс беріп кеткенін журналистердің көбі кеш естіді


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президентін сайлауға дауыс берген күні. Астана, 20 қараша, 2022 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президентін сайлауға дауыс берген күні. Астана, 20 қараша, 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент пен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлауға дауыс беріп кеткенінен журналистердің көбі хабарсыз қалды. Ол алдын ала хабарланған уақыттан екі сағат бұрын дауыс беріп кеткенін тілшілер кеш естіді.

Жексенбі күні таңертең ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "мемлекет басшысы [жұмыс] кестесі өзгергендіктен, ертерек дауыс беріп кетті" деп хабарлады.

Министрлік өкілінің сөзінше, ол туралы көпшілікке ешкім хабарламаған.

Азаттық Телеграм-каналында сайлаудан тікелей трансляция жүргізіп жатыр:

Таңертең сағат 7.30 кезінде Астанадағы оқушылар сарайында орналасқан №59 сайлау учаскесіне барған Азаттық тілшісіне сол жерде жүрген президент әкімшілігінің өкілі Тоқаев "сағат 7-ден 10 минут өткенде дауыс беріп кеткенін" айтты.

Сағат 8-ден кете Ақорданың баспасөз қызметінің Telegram-дағы арнасында Тоқаевтың сайлау учаскесінде отырған суреті жарияланды. Баспасөз қызметі Тоқаев әл Фараби атындағы оқушылар сарайында дауыс берді деп хабарлады.

Ақорда сайлау учаскесінде бюллетень алып жатқан Тоқаевтың видеосын жариялады. Бір минуттық видеода президент жасөспірім баламен суретке түсіп, сайлау учаскесіндегі кабинаға кіргені, одан кейін дауыс бергені ғана бейнеленген.

Кей ақпаратқа қарағанда, Тоқаев дауыс берген кезде сайлау учаскесінде мемлекеттік телеарналардың журналистері болған. Оқушылар сарайында №58 сайлау учаскесі де орналасқан.

Бұған дейін Тоқаев сайлау учаскесіне жексенбі күні таңертеңгі сағат 9-ға қарай келеді, дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне, соның ішінде тәуелсіз журналистердің сұрағына жауап береді деген ақпарат тараған еді.

Биыл қаңтарда Тоқаев Қазақстанның жетінші шақырылған парламент мәжілісін таратып, елде 19 наурызда мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарды кезектен тыс сайлау туралы жарлық шығарған. Тоқаев мұндай шешімді былтыр 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында қайтадан президент болып сайланғаннан кейін тура екі айдан соң шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG