Accessibility links

Елде сайлаушылардың 54 пайызы бюллетень алған. Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккен ауылдар да дауыс берді


Алматыда дауыс беріп жатқан тұрғын. 2023 жылғы 19 наурыз.
Алматыда дауыс беріп жатқан тұрғын. 2023 жылғы 19 наурыз.

Орталық сайлау комиссиясының Астана уақытымен 22.00-де таратқан ақпараты бойынша, мәжіліс пен мәслихат сайлауында дауыс беруге құқылы сайлаушылардың 54,19 пайызы бюллетень алған. Басқаша айтқанда, сайлау құқығы бар 12 миллион адамның 6,5 миллионы дауыс берген.

Ең төменгі көрсеткіш – 25,8 пайыз. Ал Астанада сайлаушылардың 42,9 пайызы дауыс берген. Дауыс беру көрсеткіші бойынша Қызылорда (67,21%), Қостанай (65,10), Шығыс Қазақстан (64,15), Солтүстік Қазақстан (65,25), Жамбыл (65,21) облыстары алда.

Елдің басым бөлігінде сайлау учаскелері 20.00-де, ал батыс аймақта дауыс беру Астана уақытымен 21.00-де жабылды. Қазақстанның батысындағы Ақтөбе облысында су алған 11 ауылға сайлау бюллетеньдері қайықпен жеткізілген. Оның жетеуі Қобда, төртеуі Ойыл ауданында.

Қобда ауданының Қанай, Байтақ, Сарыбұлақ, Жарық, Ортақ, Қоғалы, Көкүй ауылдарына бір аптадан бері көлік қатынамайды. Өйткені бұл ауылдардағы тасжолдар мен көпірлерді су басып қалған.

Қобда аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Ақшолпан Оразованың сөзінше, Қобдадағы жеті ауылға сайлау бюллетеньдері моторлы қайықпен жеткізілген.

"Су ортасында қалған жеті ауылдағы 993 сайлаушыға бюллетеньдерді полиция қызметкерлерінің бақылауымен жеткізіп бердік" дейді Оразова.

Ал Ойыл ауданындағы көлік қатынасынсыз қалған шағын ауыл тұрғындары жексенбі күні түске дейін дауыс беріп болған.

"Шиқұдық ауылындағы 92 сайлаушы мен Көптоғай ауылдық округінің Қарасу ауылындағы 138 сайлаушы өз таңдауын түске дейін жасады. Ойылда екі Қарасу бар. Екеуімен де арада көлік байланысы жоқ. Берсиев ауылдық округіндегі Қарасу ауылының тұрғындары да бюллетеньдерді аудан орталығына қайықпен жеткізіп берді. Ал Қаратал ауылына жеңіл көлік жете алмайтындықтан, трактор қызметін пайдаландық" дейді Ойыл аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Дүйсекенов.

Ойыл аудандық сайлау комиссиясының мәліметінше, су тасып, көлік қатынай алмай қалған төрт ауылда 1018 сайлаушы тұрады.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы елдегі барлық сайлау учаскесінде дауыс бергендердің жалпы санын кейінірек жариялайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG