Accessibility links

Қытай басшысы Си Цзиньпин Мәскеуге ресми сапарын бастады


Қытай басшысы Си Цзиньпин Внуково-2 әуежайында. Мәскеу, 20 наурыз, 2023 жыл.
Қытай басшысы Си Цзиньпин Внуково-2 әуежайында. Мәскеу, 20 наурыз, 2023 жыл.

Қытай басшысы әрі биліктегі Қытай компартиясының жетекшісі Си Цзиньпин бүгін Мәскеуге үш күндік ресми сапарын бастады. Ол Ресей президенті Владимир Путиннің шақыруы бойынша барып отыр.

Си Цзиньпиннің ұшағы Внуково әуежайына жергілікті уақыт 13.00 кезінде қонды. Қытай ресми делегациясы мінген ұшақ Ресей астанасына одан бұрын жеткен.

Бүгін Қытай мен Ресей басшылары бейресми кездеседі деп жоспарланған.

Си Цзиньпиннің сапары қарсаңында Қытайдың "Жэньминь жибао" басылымында Путиннің "Ресей мен Қытай – болашаққа ұмтылған серіктестік" деген мақаласы шыққан. Осы мақаланы орыс тілінде Кремльдің ресми сайты да жариялады. Онда Путин Қытай басшысымен келіссөзден "зор үміт күтетінін" жазған.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Қытай басшысы Ресейге алғаш рет барып отыр.

"Бұл мен үшін – мейірбан ескі досыммен көрісуге керемет мүмкіндік те" деп жазды Путин. "Біз үшін нағыз дос туған бауыр сияқты" деді ол.

Ресей Украинаға басып кіргелі бері Қытай басшысы Ресейге алғаш рет барып отыр.

Путин мақаласында екі елдің қазіргі қарым-қатынасын "қырғиқабақ соғыс тұсындағы әскери-саяси одақтардан да жоғары" деп сипаттады. Украинадағы соғыс хақында Путин "дағдарысты реттеу ісінде Қытайдың конструктив роль атқаруға әзір екені көңілімізге қонады" деген. Оның сөзінше, "бейбіт процестің болашағы қалыптасқан геосаяси жағдайды ескеретін байсалды әңгімеге дайын болуға байланысты" болмақ. Украинадағы соғыс туралы сөзінде Путин әдеттегідей Батысты тағы да кінәлап, Қытайға қысым жасағысы келеді деп сөккен.

Ресейдің "РИА Новости" агенттігі мен "Российская газета" басылымы Си Цзиньпиннің мақаласын жариялады. Онда автор Қытай мен Ресей "жалпыадамзаттық құндылықтарды дамытады және адамзаттың бірегей тағдырын қалыптастыратын жаңаша қауымдастық пен халықаралық қарым-қатынас орнатуды қолдайды" деп жазған. Украинадағы соғысты "украин дағдарысы" деп атаған Қытай басшысы оны "бейбіт жолмен реттеуге бағытталған барлық күш-жігерді қолдау қажет" дейді.

Бұдан бұрын Батыстың бірқатар басылымы Қытай Ресей қару-жарақ, соның ішінде дрондар, артиллерия қаруы мен оқ-дәрі беру мүмкіндігін қарастырып жатыр деп жазған. Өткен айда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен егер Пекин Ресейге қару-жарақ бере бастаса, оның салдарына тап болады деп ескерткен. Қытай ондай жоспары барын жоққа шығарған.

Кейінгі кезде ресейлік кремльшіл телеграм-каналдардың көпшілігі Си Цзиньпиннің сапары өте маңызды екенін жазып, Украинамен соғысып, Батысқа өзін қарсы қойып алған Ресейге Қытай қолдау көрсетеді дегенді меңзеген.

Бірақ Пекин ондай ойы барын білдіретіндей ешқандай мәлімдеме жасаған емес. Қытай Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған жоқ және БҰҰ бас ассамблеясы тиісті қарар қабылдаған кезде қалыс қалды. Алайда Пекин Ресейдің Қырым мен Украинаның біраз жерін аннексиялап алғанын мойындаған жоқ. Бұған дейін кейбір басылымдар Ресейдің ядролық қару қолданғанын қолдамайтынын Пекин Мәскеудің жетесіне жеткізген деп жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG