Accessibility links

Ресей шабуылынан соң Запорожьедегі тұрғын үйге зымыран түсті


22 наурызда Ресейдің әуе шабуылынан кейін Украинаның Запорожье қаласындағы тоғызқабатты тұрғын үйге зымыран түсті. Үйде өрт тұтқанып, жалын келесі үйге де жайылған. 18 адам жапа шекті, арасында балалар да бар.

Облыстық әскери әкімшілікке сілтеме жасаған "Cуспiльне" екі бірдей зымыран түскенін хабарлады. "Запорiжжя.Info" телеграм-арнасы үйдің шатырына түсіп, жарылмай қалған зымыранның фотосын жариялады. Бұл фотосурет дәл сол үйде түсірілді ме, жоқ па – ол жағы анық емес.

Украина президенті Владимир Зеленский ғимаратқа зымыран түскен видеоны жариялап: "Ресей айуанға тән қатыгездікпен қаланы атқылады. [Зымыран] қарапайым адамдар, бала-шаға тұрып жатқан тұрғын кварталдарға түсіп жатыр. Террорист ел қалаларымызды, мемлекетіміз бен адамдарымызды жермен-жексен етіп, жойып жібергісі келеді" деп жазды.

Атыс жергілікті уақытпен күндізгі 12-лер шамасында болған. Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермактың айтуынша, Ресей зымырандары Запорожье қаласы мен Хортица аралына бағытталған. Запорожье мэрінің бірінші орынбасары Александр Власюктің айтуынша, зымырандар қаланың біраз жеріне түскен. "Жеті-сегіз зымыран түсті. Жарақаттанған адамдар туралы мәлімет жоқ. Жедел жәрдем көп барған".

Запорожье облысының оккупацияланған бөлігіндегі Ресей тағайындаған әкімшіліктің өкілі Владимир Роговтың айтуынша, зымырандар Украина әуе қорғанысы күштерінің кесірінен тұрғын үйлерге түскен. Оның айтуынша, үйдің бірнеше қабаты опырылып түскен.

Власюктің айтуынша, қала әкімшілігі жапа шеккен адамдарды паналататын орын дайындап жатыр.

Қазір Ресей Запорожье облысының жартысынан астам жерін бақылауда ұстап отыр. Бірақ оның орталығы Запорожье қаласына жеткен жоқ. Аймақта ұрыс жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG