Accessibility links

Бішкек соты Азаттық шотының бұғатталуына байланысты шағымды қанағаттандырудан бас тартты


Бішкек қалалық соты Азаттық шотының бұғатталуына байланысты сотқа түскен өтінішті орындаудан бас тартты.

Былтыр 21 желтоқсанда Бірінші май аудандық соты ішкі істер министрлігінің өтініші негізінде "Азаттық Медиа" ұйымының Демирбанктегі шотын бұғаттаған.

ІІМ 2021 жылы "қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру" бабымен қозғалған істі алға тартқан. Алайда Азаттық адвокаттары әлі күнге дейін бұл істе редакцияның статусы жөніндегі ақпаратты ала алмай отыр. ІІМ істің құпиялығын алға тартып, айтпайды.

Бұған дейін Бірінші май аудандық соты Азаттықтың шотын бұғаттау туралы шешім шығарған, алайда "Азаттық Медиа" мекемесіне ол жөнінде ескерту берілмеген еді. Адвокаттар осыған байланысты Бішкек қалалық сотына шағымның мерзімін қалпына келтіру туралы қайта шағым түсіріп, 23 наурызда ол өтініш орындалмады.

– Есепшот 2022 жылы 21 желтоқсанда бұғатталған. Сол кезде ішкі істер министрлігі Азаттыққа немесе оның уәкілетті өкіліне ресми түрде хабар берген жоқ. Заң бойынша, қалалық сотқа шешімге қатысты бір ай ішінде шағым түсіруге болады. Бірақ біз аудандық соттың шешімін 2 наурызда ғана қолымызға алдық. Біз сотқа шағымның мерзімін қалпына келтіру туралы шағым түсірдік, бірақ сот бүгін заңсыз шешім шығарды, – деді "Азаттық Медиа" заңгері Нұрбек Сыдықов.

23 қаңтарда Қырғызстан ақпарат министрлігі "Азаттық Медиа" жұмысын БАҚ ретінде тоқтату туралы сотқа талап арыз түсірген. Талап арызда даулы видеоматериал жойылмағаны, әлеуметтік желіде тарап жатқаны айтылған.

Министрліктің ұстанымынша, "Азаттық Медиа" әрекеті БАҚ туралы қырғыз заңының "ұлтаралық алауыздық туғызбау туралы" бабына сай келмейді.

Қырғызстанның ақпарат, мәдениет, спорт және жастар саясаты министрлігі 2022 жылы 26 қазанда "Азаттық Медиа" сайтын бұғаттау туралы шешім шығарған. Оған "Настоящее время" телеарнасында жарияланған қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыс туралы сюжет себеп болған. 26 желтоқсанда шешімнің күші одан әрі ұзартылды. Министрлік "Азаттық Медиа" бұл видеосюжетті сайттан алып тастағанша, ол бұғаттала беретінін айтқан.

"Азаттық Медиа" алғашқы күннен-ақ бұл шешімді мойындамайтынын мәлімдеп, заңсыз екенін дәлелдеуге тырысқан.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті әрі бас директоры Джейми Флай қырғыз Азаттығының жұмысын жалғастыру үшін барлық құқықтық тетікті пайдаланатынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG