Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында жылу электр орталығындағы "үлкен кемшіліктерге" байланысты тағы төтенше жағдай жарияланды. ШҚО әкімі Даниал Ахметов 24 наурызда Instagram-парақшасында төтенше жағдай дүйсенбіден бастап енгізілетінін жазды.
Ахметов постысында ЖЭО-ға жауапты RNGK жеке компаниясы "қаңтардан бастап ешқандай жұмыс жүргізбеді" деп, Риддердегі жылу орталығын коммуналдық меншікке алу керегін мәлімдеді.
"Станцияның барлық басқаруын өзімізге алуға мәжбүрміз, мәселеден шығудың жалғыз жолы – Риддер ЖЭО-ны коммуналдық меншікке сатып алу" деген әкім алда жылу орталығын коммуналдық меншікке алу үшін жұмыс істейтінін жазды.
Риддердегі жылу орталығының жаңа иесі RNGK әкімнің сөзіне қатысты пікір білдірмеді. Жергілікті басылымдар қаңтарда әкімдікке сілтеме жасап, инвестор жылу электр орталықтарын жаңалау үшін ақша құюды және құбырларды жөндеу үшін компанияларды шақырғанын жазған.
Өткен жұма күні ШҚО прокуратурасы "ЖЭО-да қарашада болған жағдайдан соң жүргізілген тексеріс "Риддер ЖЭО" компаниясының техникалық жағдайы нашар екенін көрсетті" деп мәлімдеген. Прокуратураның ақпаратынша, 240-тан астам заң бұзу фактісі тіркелген.
Прокуратура Риддердегі жылу орталығына 11 млн теңге айыппұл салынғанын да хабарлаған. Бұған қоса, ЖЭО жылу берудің нашарлығына байланысты 21,7 мың тұрғынға төлеген төлемдерінің бір бөлігін қайтарып беруге тиіс. Тұрғындарға қайтарылатын жалпы сома – 63,3 млн теңге.
21 наурызда Риддердегі жылу электр орталығының екі қазандығынан өрт шыққанда, облыс әкімі орталықты коммуналдық меншікке беру жайлы айтқан еді.
Былтыр қарашада Риддердегі жылу орталығында апат болып, 22 мың ғимарат жылусыз қалды. Осыдан соң қалада төтенше жағдай жарияланған, бұл режимнің мерзімі ақпанда аяқталды.
ПІКІРЛЕР