Accessibility links

Пригожин 5 мың тұтқынға рақымшылық жарияланғанын мәлімдеді


"Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин.
"Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин.

"Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин Украинадағы соғыстан 5 мыңнан астам тұтқын оралғанын хабарлап, бәріне рақымшылық жарияланғанын айтты.

Оның сөзінше, соғыстан оралғандардың "0,31 пайызы ғана бір ай ішінде қайта қылмыс жасаған". "Бұл көрсеткіш қалыпты жағдайдан 10-20 есе төмен" дейді Пригожин.

"Ресейдегі қылмысты 10 есе азайттық, бұрынғы тұтқындарды совет кезінде пионерлер мен октябряттарды баулығаннан да жақсырақ тәрбиелеп шығардық" деп жазылған "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының баспасөз қызметі жариялаған хабарламада.

Пригожиннің сөзін дәлелдейтіндей ешқандай ресми ақпарат әзірше жарияланған жоқ.

Жыл басында Евгений Пригожин Украинаға соғысқа әкетілген тұтқындардың алғашқы тобына рақымшылық жасалғанын хабарлаған еді. Оның сөзінше, олардың бәрінен соттылығы алынған. Ол сонымен бірге Украинадағы соғысқа қатысқан тұтқындардың көбі түрмеге "кездейсоқ немесе мінезіне байланысты" түскенін айтқан.

Кейін тұтқындар Владимир Путиннің рақымшылық туралы көпке жарияланбаған жарлығы негізінде босатылғаны белгілі болды. Ресей президенті жанындағы адам құқығы кеңесінің мүшесі Ева Меркачёва тұтқындарды колониядан соғысқа әкетпей тұрып, қағаз жүзінде босататынын айтқан.

Рақымшылыққа ілінгендер арасында рецидивист ұрылар, есірткі саудасымен айналысқандар және адам өлтіргендер барын BBC-дің Орыс қызметі мен "Агентство" басылымы жазды.

  • "ЧВК Вагнер" ("Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы) – Ресейдің бейресми әскери бөлімшесі. Бұл бөлім әскери құрылымдардың балансы мен заңды тұлғалардың реестрінде жоқ. Бірақ оның жауынгерлері Сириядағы, Африка елдері мен Украинадағы соғыс әрекеттеріне қатысып жүр. Ресей заңы жеке әскери компаниялардың жұмыс істеуіне тыйым салады.
  • Былтыр көктемде Ресей армиясы Украина аумағында бірнеше рет жеңіліске ұшыраған соң, "Вагнер" Ресей түрмелеріндегі тұтқындарды арбап, Украинадағы соғысқа жібере бастаған. Соғысқа тартумен Владимир Путинге жақын кәсіпкер, "Вагнерді" құрушылардың бірі Евгений Пригожиннің өзі айналысқан. Ол елдегі ондаған түрмені аралап, сотталғандарға соғысқа қатысуды үгіттеген. Пригожин "Вагнерді" құрғанын 2022 жылы қыркүйекте ғана мойындаған.
  • АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Украинадағы соғысқа қатысып жатқан "Вагнер" жалдамалы әскерінің саны 50 мыңға жетуі мүмкін, 90 пайызы – түрмеде болғандар.
  • "Вагнер" қатарында шетелдік жалдамалы әскер де бары айтылады. Бұған дейін "Вагнер" қатарында кемінде екі қазақстандық болғаны, олар Донбасста қаза болғаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG