Украина қарулы күштері әзірше қарымша шабуыл бастай алмайды деп мәлімдеді Украина президенті Владимир Зеленский жапонның Yomiuri Shimbun басылымына берген сұхбатында.
Украина басшысы елдің шығысындағы ахуал күрделі екенін айтып, оқ-дәрі жетпегендіктен шабуылға дайындық әлі толық аяқталмағанын айтты.
"Әріптестерден оқ-дәрі күтіп отырмыз" деді Зеленский. Оның сөзінше, күн сайын орыс әскері украин күштеріне қарағанда үш есе көп снаряд пайдаланады.
"Украина батыл қорғаушыларын қарусыз қарымта шабуылға жібере алмайды" деді ол.
Бұған дейін Украина өкілдері, оның ішінде бас барлау басқармасының жетекшілері мен президент кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк украин әскері шабуылды сәуір-мамырда бастауы мүмкін деп айтқан. Көп сарапшы шабуылдың бағыты оңтүстікте – Запорожье, Херсон облыстарында болуы мүмкін деп топшылайды.
Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр сенбі күні украин ақпарат құралдары мен қоғам өкілдерінен әскери қызметкерлер мен саясаткерлерге қарымта шабуыл мерзімі жайлы сұрақ қоймауды өтінген. Оның сөзінше, стратегиялық әскери жоспарға қатысты мәлімдемелерді тек үш адам: Украина президенті, Украина қарулы күштерінің қолбасшысы және қорғаныс министрі жасай алады.
Ұлыбританияның барлаушылары кезекті шолуында Украинада орыс әскері қорғаныс жоспарына көшіп жатыр деп жазды. Донецк облысында шабуылдар сенімді нәтиже әкелмеген соң, Бахмутты алу операциясы іс жүзінде тоқтап қалған.
Украина қарулы күштерінің шығыс тобының өкілі Сергей Череватый кейінгі күндері Бахмут бағытында қақтығыстар саны азайғанын атап өтті. Алайда, оның сөзінше, британ барлаушыларының Бахмут түбінде орыс әскері азайғаны туралы ақпаратын нақтылау керек.
Украина Бахмут әлі де "қарсылас жақ соққысының басты бағыты" болып тұр деп есептейді.
Кейінгі аптада қаланың бір бөлігі ресейлік "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы жалдамалыларының бақылауына өткен. Алайда қала орталығына украиндер ие. Қала атқыланып жатса да, қоршалмаған. Шайқастың екі жағында да шығын көп. Батыс елдерінің барлаушылары орыстар орасан шығынға ұшырағанын айтты.