Accessibility links

Медведев: "Шетел агенттеріне" ақша төлеудің қажеті жоқ, пираттық контент керек


Дмитрий Медведев.
Дмитрий Медведев.

Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, Украинадағы соғысты қолдап, атышулы көп мәлімдеме жасап жүрген Дмитрий Медведев "шетел агенті" ретінде танылған адамдарды Ресейдегі табысынан айыру керек деді. Ол сонымен бірге авторлық құқықты бұзатын пираттық контенттерді қолдап, Батыс компанияларының фильмдерін тегін таратуды ұсынды.

"Шетел агенттерін" табысынан айыру туралы айтқан Медведев жазушы Борис Акуниннің шығармасы бойынша түсірілген фильмге тоқталды. Көп жылдан бері шетелде тұратын Борис Акунин Ресейдің Украинаға басқыншылығын жиі айыптайды. Бірақ Акунин (Георгий Чхартишвили) "шетел агенті" тізіміне енгізілмеген.

"Қандай да бір Акунин. Ол – талантты жазушы. Елден кетіп қалған, елді қарғап-сілеп, арнайы әскери операцияны жерден алып, жерге салған... Десе де, біздегі ақпарат құралдары мен компаниялар оның шығармаларын қоюды тоқтатпады... "Әзәзілдің" кезекті нұсқасы пайда болды. Төртінші рет қойып жатыр! Неге деген сұрақ туындайды? Осыған ұқсас антиутопияны басқа біреуге тапсырыңдар" деді Медведев.

Ресейдің бұрынғы президенті жыл басында шыққан "Фандорин. Әзәзіл" минисериалын меңзеген болуы мүмкін. Ол Акуниннің "Әзәзіл" романының желісі бойынша түсірілген.

Бұған дейін Акунин шығармалары ресейлік театрлардан алынып жатқаны туралы хабар тараған. Кейбір кітап дүкендерінде оның шығармалары өзге "шетел агенттерінің" шығармалары сияқты мұқабасы көрінбес үшін ақ қағазға оралып сатылған еді.

Акунин Медведевтің сөзіне реакция білдірген жоқ. Алайда 25 наурызда Facebook-парақшасында "жоспардан тыс" жаңа роман жазғанын хабарлады. Ол америкалық сайттан статистика алғанын да жеткізген.

"Өзім мүлде күтпеген бір жайт анықталды. Сатып алушылардың 30 пайызы Ресейден. Яғни көбі өз елдеріне ақша төлегісі келмейді, Америка дүкендерінде баға едәуір жоғары болса да, [сол жақтан алуға ынталы]" деп жазды Акунин.

Дмитрий Медведев сенбі күні сонымен бірге Батыс компанияларының зияткерлік меншік құқығын бұзуға үндеді. Оның пікірінше, ресейлік қолданушылар Батыс музыкасы мен фильмдерін пираттық ресурстар арқылы тұтынуға тиіс.

"Егер бізден әлдеқандай "Нетфликстер" және басқалар кетіп жатса, онда бәрін жүктеп алып, тегін пайдаланамыз. Мен оларға көп шығын келтіру үшін желілерге [өнімдерін] таратар едім. Олар банкротқа ұшырауы үшін орасан шығын келтірер едім" деді Медведев.

Оның позициясын Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та қолдаған. "Мәселе пираттарда болып отыр ғой. Олар бізді тонап, активтерімізді басып алды, ұрлады. "Пираттық контент" деген тіркес басқаша қабылдануға тиіс" деді Песков ТАСС агенттігі келтірген төл сөзде.

  • Ресей Украинаға басып кіргелі бері Голливудтың негізгі киноөндірушілері – Warner Bros., Universal, Paramount, Disney және Sony Ресейде өз өнімдерін прокаттау мен лицензиялауды тоқтатып, кейбірі Ресей нарығынан мүлдем кеткен. Netflix видеосервисі де жұмысын тоқтатты.
  • Ресейде шетелден қаржы алатын кез келген адам "шетел агенті" деп танылуы мүмкін. Ресей заңында мұндай тұлғаларға көптеген шектеу бар. Олардың Ресейде табыс табуына тыйым салынған. Құқық қорғаушылар ресейлік "шетел агенті" туралы заңды дискриминациялық заң деп атап, құжат кейбір адамдарға ғана және саяси себеппен қолданылатынын айтқан.
XS
SM
MD
LG