Accessibility links

"Алға, Қазақстан" сайлау нәтижесін мойындамайды


"Алға, Қазақстан" ұйымының өкілдері сайлауға қатысты жиында отыр. Астана, 27 наурыз, 2023 жыл.
"Алға, Қазақстан" ұйымының өкілдері сайлауға қатысты жиында отыр. Астана, 27 наурыз, 2023 жыл.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының бастамашыл тобы 27 наурызда Астанада баспасөз мәслихатын өткізіп, 19 наурызда өткен сайлау нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді.

"Алға, Қазақстан" ұйымынан 19 наурызда мерзімінен бұрын өткен мәжіліс пен мәслихат сайлауына бес кандидат түскен. Ұйым тіркелмегендіктен, бұл азаматтар тәуелсіз кандидат ретінде ғана сайлауға түсуге мүмкіндік алды.

Сайлау комиссиясы ұйым белсенділері – Марат Жыланбаев, Амангелді Жахин мен Бибігүл Иманғалиева мерзімінен бұрын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді деп есептеп, 9 наурызда олардың кандидатурасын додадан алып тастаған. Кейін олар сотқа шағымданды, бірақ сот арыздарын қанағаттандырмады.

Ал Мейіржан Досқараев Қарағанды облысы бойынша сайлауға түскен. Ол үгіт-насихат жүргізу кезінде әкімшілік кедергілерге тап болғанын айтты. Досқараев кедергілерді айтып, Бас прокуратураға арыз да жолдаған.

Сайлауға кандидатура ұсынған "алғалықтар" үгіт жұмысына жұмсаған 1 миллион теңгеден астам ақшаны қайтарып алсақ деп отыр.

– Мәселен, менің үгіт-насихат қағаздарымды Астанада ешбір баспахана шығармады. Маған басқа қалаға тапсырыс беруге тура келді. Мен оны таратып та үлгерген жоқпын. Бірақ менің жол қаражатым, басқа да шығындарым бар. Сайлау заңына сәйкес, маған шығыным қайтарылуға тиіс. Ал сайлау комиссиясы оны қайтармайтынын айтты. Дегенмен біз үш адам сайлауға қатысу үшін 1 миллион 50 мың теңге жинай алдық. Бұл біздің халықтық депутат екенімізді білдірмей ме? – дейді Марат Жыланбаев.

Сайлауды әділетсіз өтті деп есептейтінін айтқан "Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партиясының өкілдері сәуір айында митинг өткізу үшін әкімдікке ескерту жолдаған.

– Президент Тоқаев өзгерту енгізген заңда "бейбіт жиын өткізу үшін тек ескерту жасау жеткілікті" екені айтылған. Сол заңға бағына отырып, әділетсіз сайлаудың нәтижесін жоюды талап етеміз, – дейді Жыланбаев.

"Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партиясының бастамашыл тобы қыркүйектен бері партияны тіркету үшін әділет министрлігіне құжат тапсырып келеді. Министрлік бастамашыл топтың құжаттары партияларды тіркеу туралы заңға сай еместігін айтып, тіркемей келеді. Министрлік өкілдері бірде топтың партиялық тізімінде бақилық болған адамдар бар деп айтқан.

"Алға, Қазақстан" 12 cәуірде әділет министрлігіне 12-рет құжат тапсырмақ.

19 наурызда өткен мәжіліс пен мәслихатты кезектен тыс сайлауда партиялық тізім бойынша да, бірмандатты округтер бойынша да көп орынды биліктегі "Аманат" партиясы иеленді.

Тәуелсіз және халықаралық бақылаушылар дауыс беру кезінде және бюллетеньдерді санау кезінде заң бұзу фактілері болғанын айтқан. ОСК заң бұзушылықтарды мойындаған, бірақ "бұл сайлау нәтижесіне әсер етпеді" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG