Accessibility links

Ресейдің бұрынғы губернаторы мен кейбір бизнесмендері Қырғызстан паспортын алған


Ресей әскері Украина жеріне жаппай басып кіргеннен кейін Ресейдің бизнесмендері мен танымал тұлғаларының бірқатары Қырғызстан азаматтығын алған. Бұл жөнінде жазған The Moscow Times басылымы қырғыз президенті Садыр Жапаровтың былтыр қол қойған жарлығына сүйенген.

Азаттықтың Қырғыз редакциясының жазуынша, Ресейдегі Transparency International өкілдері ресейліктердің қырғыз паспортын алу ісінде жемқорлық белгілері болуы мүмкін дейді.

"Мәскеу тұрғындары Қырғызстан паспортын алуға ұмтылды. Қырғызстан азаматтығын беру туралы президенттің соңғы жарлығында Мәскеу мен Ресейдің өзге де өңірлерінен жүздеген адам жүр" дейді The Moscow Times. Басылым сараптаған жарлықтағы кей адамдардың аты-жөні, туған жері мен туған күні, мәселен, Тверь облысының бұрынғы губернаторы Дмитрий Зелениннің, Ресей үкіметінің жоғары сот инстанцияларындағы өкілетті өкілі Михаил Барщевскийдің қызы Наталья Барщевскаяның, Bitzlato криптобиржасының негізін салушы Антон Шкуренконың, белгілі бизнесмен Валерий Задориннің ұлдары Александр мен Михаилдің жеке мәліметтерімен толық сай келеді.

Азаттықтың Қырғыз редакциясы Мәскеуден келіп, Қырғызстанда тұрып жатқан қаржыгер Михаил Жуховицкийдің әлеуметтік желідегі жазбасына назар аударған. 2022 жылғы 22 қарашада ол Facebook-парақшасына "екінші паспорт алғысы келген достарына көмектескенін" жазған.

Дүйсенбіде Baza телеграм-арнасы былтыр Қырғызстан паспортын алған ресейліктер арасында "Наши" жастар қозғалысының бұрынғы комиссары Мария Дрокова (Бушер) да бар екеніне назар аударған. Жапаровтың жарлығында оның да аты-жөні тұр. Ол венчур қорын құрып, АҚШ-та тұрып жатқанына біраз болған. 2022 жылы желтоқсанда The Washington Post басылымы Дрокованың қоры Федерациялық тергеу бюросының назарына ілігіп, Ресейдің санкциядағы миллиардермен байланысы болуы мүмкін деген күдік туғанын жазған. Дрокованың өзі мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG