Accessibility links

Әкімдік журналист Ахмедияровқа сайлау нәтижесіне қарсы митинг өткізуге рұқсат берген жоқ


Журналист Лұқпан Ахмедияров.
Журналист Лұқпан Ахмедияров.

Орал қаласы әкімдігі журналист, мәжіліс депутаттығына үміткер болған Лұқпан Ахмедияровқа митинг өткізуге рұқсат берген жоқ. Митингінің тақырыбы "Сайлау туралы заң мен Конституция бұзылып жатқан шақта оларды қорғау" ("Поддержка закона о выборах и Конституции Республики Казахстан ввиду их нарушений") деп аталады.

Ахмедияровтың айтуынша, ресми жауап Орал қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Ербол Көшековтен келген.

– Елтаңбасы бар арнайы бланкіге емес, бір парақ қағазға жазылған. Тек ішкі саясат бөлімі бастығының қолы бар, – деді Ахмедияров. Ол бұлай жауап беру заңға қайшы екенін айтты.

Ескерту-хабарламаны журналист әкімдікке 24 наурызда тапсырған. Ол акцияны 2 сәуірде "Қазақ халқының даңқты қыздары" ескерткіші маңында өткізгісі келген. Бұл – қалада митинг өткізуге арналған орын.

Орал қаласы әкімдігі ресми жауабында "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу туралы" заңның 14-бабының 1-бөлігінің 5-тармағына сүйене отырып рұқсат бермегенін жазған. Яғни, билік өтініш иесі "толымды ақпарат бермегендіктен немесе қолы болмағандықтан" кері қайтарған.

– Себебін нақты көрсетпеген, тек бап пен оның тармақтарына сілтеген. Түсінуімше, ескерту-хабарламада ұйымдастырушының толық мәліметтері берілмеген деп хабарламаны кері қайтарып отыр. Бірақ мен ол жерде барлық мәліметті: жеке сәйкестендіру нөмірін, телефон нөмірімді, электрон мекенжайымды көрсеттім, – деді Ахмедияров.

Журналист облыс пен қала прокуратурасына шағымданатынын және ішкі саясат бөлімі жетекшісін жауапқа тартуды өтінетінін айтты.

Журналист Лұқпан Ахмедияров 19 наурыз күнгі кезектен тыс мәжіліс сайлауына өзін-өзі ұсынған. Тәуелсіз бақылаушылар сайлауда ол жеңгенін айтқан. Ал сайлаудың ресми нәтижесі бойынша, заңгер Абзал Құспан жеңімпаз деп танылды. Ол да депутаттыққа өзін-өзі ұсынған.

Сайлау нәтижесіне келіспеген Ахедияров бұған дейін сайлау қорытындысын даулайтынын айтқан. Ол сонымен бірге прокуратураға Ақсай қаласы Бөрлі ауданындағы сайлау учаскесінде болған "заңсыздықтарға қатысты" шағым түсірген. Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда, дауыс санау кезінде "толтырылмаған және толтырылған бюллетеньдер араласып кеткен".

Заңгер Абзал Құспан сайлау әділ болғанын және өзі сайлауда әділ жеңгенін айтқан. Ақсайдағы оқиғаға түсініктеме берген Бөрлі аудандық сайлау комиссиясы толтырылмаған бюллетеньдер кездейсоқ араласып кеткенін, бос бюллетеньдер жойылғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG