Accessibility links

Тоқаев жаңа мәжілістің алғашқы сессиясында "саяси жаңғыру" жөнінде айтты


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 наурызда Астанада 8-шақырылымдағы мәжіліс сессиясын ашты. 19 наурызда өткен кезектен тыс парламент сайлауының нәтижесі бойынша мәжіліске басқарушы партия мен тағы бес саяси ұйым өткен. Мәжілісте бұрынғыша билікті өткір сынайтын оппозициялық ұйым жоқ. Сайлау кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан бір жылдан астам уақыттан кейін өтті. Қантөгіс кезінде жүздеген адам жараланып, азапталған.

29 наурыз күнгі сөзінде Тоқаев өз әкімшілігінің шешімі мен "саяси реформа" ретінде көрсетіп отырған заңнаманың түзетулерін қорғауға тырысты. Сыншылар бұл өзгерістер "сылап-сипау" ғана екенін, шын мәнінде олар билікті президенттің уысына жұмылдыруға бағытталғанын алға тартқан. Тоқаевтың айтуынша, былтыр өз бастамасымен Конституцияға енгізілген түзетулер "саяси жүйені толық жаңғыртуға" мүмкіндік берген.

– Енді президент тек бір мерзімге – жеті жылға сайланады. Парламенттің өкілеті мен функциясы қайта қаралды, депутаттардың рөлі күшейді, Конституциялық сот жасақталды. Сот жүйесін толық реформаладық, – деді Тоқаев.

Ол сонымен бірге "күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" туралы тезисін қайталап, түрлі топтың парламентке баруына жол ашылғанын айтты. "Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жұмыс жүріп жатқанын" айтқанымен, қанша ақша қайтарылғанын жария етпеді.

Тоқаев сайлаудағы заңсыздықтар туралы ақпаратқа түсініктеме берген жоқ. Бірақ сайлау барысында "конструктив сын, орынды бастамалар көтерілді" деді.

Оның сөзінше, сайлау кампаниясы "ашық әрі тартысты" өткен. Барлық партияға "бірдей мүмкіндік берілген, бірде-бір саяси ұйымда артықшылық болған жоқ" деді ол. Тоқаев парламентке алғаш рет "ұзақ уақыт оппозицияда болған" саяси ұйым келді деді. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия бұрын парламент сайлауларына қатыспай, оған бойкот жариялап келген немесе мәжіліске өту үшін қажет дауыс ала алмаған.

Бұл – Тоқаев 2019 жылы президент қызметіне кіріскелі бері өткен екінші парламент сайлауы. Сайлау алғаш рет партия төрағасы болған Нұрсұлтан Назарбаевсыз өтті, алайда сарапшылар сайлау кампаниясының алдыңғы кампаниялардан айырмашылығы аз екенін айтады. "Жаңа мәжілісте" биліктің "Аманат" партиясы орындардың басым бөлігін сақтап қалды. "Аманат" партиялық тізім бойынша 40, бірмандатты округтер бойынша 22 орынға ие болды.

Сайлау күні Астанада сайлауға қарсылық білдірмек болған белсенділер ұсталды. Бақылаушылар дауыс беру кезінде көптеген заңсыздық (бюллетеньдерді топтап салу, "карусель" әдісі, хаттама бермеу және тағы басқа) болғанын айтты. Билік "сайлау нәтижесіне әсер етпейтін жекелеген заңсыздықтар туралы" айтып, заңсыздыққа жол бергендер жауапқа тартылады деді.

Мәжіліске "Аманаттан" бөлек, Қазақстан халық партиясының (бұрынғы "коммунистер") бес депутаты, "Ақ жолдың" алты депутаты барды. Қалған орындарды "Ауыл", "Республика" және ЖСДП өзара бөліп алды.

Бақылаушылар билік сайлауда әкімшілік ресурсты кеңінен қолданғанын, сайлауға шынайы оппозиция күштері жіберілмегенін айтты. Бірде-бір партияға мүше емес ондаған белсенді, құқық қорғаушы, заңгер және өзге азаматтар "түрлі себеппен" кандидат ретінде тіркеле алмаған.

XS
SM
MD
LG