Америка Еуроодақ елдерінің негізгі мұнай экспортері атанды. Бұған дейін нарықта Ресей көшбасшы болып келген. Желтоқсанда Еуроодақ импорттаған мұнайдың 18 пайызы Америкаға тиесілі болды деп хабарлады сейсенбіде Еуростат.
Бұған дейін Еуропаға мұнай тасымалдап келген Ресейдің үлесі былтыр қаңтардағы 31 пайыздан желтоқсанда төрт пайызға түскен. Бір жыл бұрын АҚШ үлесі 13 пайыз ғана еді. Енді ірі мұнай тасымалдаушылар тізімінің екінші орнында Норвегия тұр. Еуроодақ елдеріне тасымалданатын жалпы мұнай көлеміндегі оның үлесі – 17 пайыз.
2022 жылғы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі бері Еуропаның бірқатар мемлекеті Ресейдің мұнай, табиғи газ бен көмір сияқты энергия ресурстарын тұтынуды азайтқан. Осылайша Кремльдің соғысты жалғастыруына кедергі жасауды көздеген.
Былтыр желтоқсанда Еуроодақ Ресейден мұнайды танкермен импорттауға тыйым салып, Ресейден экспортталатын мұнай бағасына да шектеу қойған. Қазір оның баррелі 60 доллардан.
Бұдан бөлек, Норвегия мен Қазақстан да Еуроодаққа ең көп мұнай жөнелтетін елдер қатарында. Еуростат дерегі бойынша. бұл елдер ЕО импорттайтын мұнайдың 8-14 пайызын береді. Ресейге салынған санкциялар Қазақстанның мұнай экспорты көлеміне әсер етпеген.
Бұған қоса, ЕО Ресей табиғи газы импортын да күрт азайтқан. Импорт көлемі былтырғы алғашқы тоқсанда 31 пайыз болса, желтоқсанда 19 пайызға түскен. Табиғи газ жеткізудегі Ресейдің орнын Норвегия басқан. Қазір ол Еуроодақ елдері тұтынатын табиғи газдың 31 пайызын жеткізіп отыр. Екінші орында 20 пайызбен АҚШ тұр.
Ресей былтыр өз мұнайын Үндістан мен Қытайға біршама арзан бағамен экспорттауға көшкен.
ПІКІРЛЕР