Accessibility links

Әлихан Смайылов премьер-министр болып қайта тағайындалды


Әлихан Смайылов премьер-министр болып қайта тағайындалды. 30 наурыз күнгі мәжіліс отырысында оның кандидатурасы мақұлданды.

Смайылов кандидатурасын "Аманат" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ұсынған. Тоқаев Смайыловты премьер-министр ретінде тағайындау туралы ұсынысты қолдады. Ол Смайылов жөнінде “Білікті әрі тәжірибелі маман. Жұмысқа адал, еңбекқор адам. Ол үкіметтің алдында тұрған міндеттерді жақсы біледі” деді.

50 жастағы Әлихан Смайылов былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін қайта жасақталған үкіметке жетекші болып тағайындалған. Ол үкіметті басқарып тұрған тұста елде инфляция деңгейі 20 пайыздан асып, елді қымбатшылық дендеді. Былтыр күздің соңы мен қыста елдің кейбір аймақтарында жылу электр орталықтары істен шығып, елдегі жылу инфрақұрылымдары тозғаны айтылды.

Әлихан Смайылов премьерлікке дейін қаржы министрі, кейін вице-премьер болды. Оған дейін президент көмекшісі міндетін атқарған.

Үкімет бір күн бұрын – 8-шақырылымдағы депутаттар жұмысын бастаған күні отставкаға кеткен.

19 наурызда өткен кезектен тыс парламент сайлауының нәтижесі бойынша, "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан") мәжілістегі орындардың басым бөлігін сақтап қалды. Тәуелсіз бақылаушылар сайлауда заңсыздық көп болғанын айтқан. Сайлау нәтижесі бұрмаланғаны туралы көп мәлімдемеге қарамастан, билік сайлау заңды өткенін айтты.

Мәжіліске "Аманаттан" бөлек, Қазақстан халық партиясының (бұрынғы "коммунистер") бес депутаты, "Ақ жолдың" алты депутаты барды. Қалған орындарды "Ауыл", "Республика" және ЖСДП өзара бөліп алды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG