Accessibility links

Ресей түрмесінде жазасын өтеген тағы бір тәжік азаматы Украинадағы соғыста қаза болды


Джунайдулло Махмадулло.
Джунайдулло Махмадулло.

Ресей түрмесінде жазасын өтеген тағы бір тәжік азаматы Украинадағы соғыста опат болған. Оның мәйіті қаза болғаннан кейін екі айдан соң Тәжікстанға жеткізілді.

Ресейде "заңсыз есірткімен айналысты" деп айыпталып, сотталған 33 жастағы Джунайдулло Махмадулло былтыр күзде Украинадағы соғысқа әкетілген. Оның өтелмеген төрт жыл түрме жазасы болған. Туыстарының айтуынша, оған жарты жыл соғысқаннан кейін босатуға уәде берген.

Тәжік азаматы 26 наурызда Тәжікстанның Рудаки ауданында жерленді.

Достарының бірі Азаттықтың Тәжік қызметіне марқұм биыл қаңтарда жараланып, ауруханаға жатқызылғанын айтты. Оның сөзінше, Ресей билігі туыстарына Джунайдулло украин күштері ауруханаға шабуыл жасаған кезде өлді деп хабарлаған.

Туыстарына жіберілген өлім туралы куәлікте марқұм 8 ақпанда қаза болды деп жазылған. Джунайдуллоның артында әйелі мен екі кішкентай баласы қалды.

Ресей түрмесінде нақты қанша тәжік азаматы жазасын өтеп жатқаны туралы мәлімет жоқ. Украинадағы соғыста өлген тәжік азаматтары жөнінде де дерек жоқ.

Азаттықтың Тәжік қызметіне Ресей түрмесінде қамауда болған шамамен 20 тәжік азаматының қазасы белгілі. Ресей билігі Украинадағы соғыста қаза болған тәжік азаматтарының өліміне байланысты түсініктеме бермеді.

Тәжікстан билігі өз азаматтарын Украинадағы соғысқа бармауға үндеген. Ресейдің Украинаға басып кіруін әлем елдерінің басым бөлігі айыптайды.

XS
SM
MD
LG