Accessibility links

Алматыда белсенді Болат Смағұлов қайтыс болды. Ол "Көше партиясын" құрды деп жазаланған


Болат Смағұлов сотта тұр. Алматы, 2019 жыл.
Болат Смағұлов сотта тұр. Алматы, 2019 жыл.

31 наурызда Алматыда азаматтық белсенді Болат Смағұлов 49 жасында қайтыс болды. Бұл туралы оның жақын досы әрі серігі Абайбек Сұлтанов хабарлады.

– Бүгін сағат 12 шамасында қайтыс болды. Әйелі маған хабарласты, үйлеріне келгенімде, дәрігерлер аман алып қалуға талпынып жатыр екен. Бірақ нәтиже болған жоқ, жүріп кетіпті, – деді Сұлтанов.

2021 жылы Алматының Алмалы аудандық соты 13 белсендіні "Көше партиясын құрды және жұмысына араласты" деп жазалаған. Бұл іс қоғамда "13 белсендінің соты" деп аталып кеткен. Олар – қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты көзқарасын ашық айтып, билікті сынап, акция-митингіге қатысып жүрген азаматтар. Сол 13 белсендінің бірі Болат Сұлтанов еді. Сот оның бостандығын бір жылға шектеген.

– Болаттың бостандығын шектеу жазасы 2022 жылы аяқталғанымен, біз, 405-баппен сотталғандар "қара тізімдеміз" ғой. Банктен шот аша алмаймыз, ресми жұмысқа да тұра алмаймыз. Сондықтан Болат екеуіміз табылған жұмысты істеп, құрылыста жүрген едік. Енді отбасына қиын болды, әйелі мен үш баласы қалды, екі баласы – оқушы, – дейді Абайбек Сұлтанов.

Астананың Есіл аудандық соты 2020 жылғы 19 мамырда тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысы елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді.

Қазақстан соты ҚДТ мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танығанымен, Еуропарламент оларды "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған.

Жергілікті құқық қорғаушылар Астананы "экстремизм" бабын билікті сынаған азаматтық белсенділерді қудалау үшін пайдаланады деп кінәлайды. Билік мұны жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG