Accessibility links

Мәжіліс пен мәслихатқа өте алмаған кандидаттар Алматыда "Халық парламенті" жиынын өткізді


Алматыдағы "Халық парламенті" жиыны. 1 сәуір, 2023 жыл.
Алматыдағы "Халық парламенті" жиыны. 1 сәуір, 2023 жыл.

1 сәуірде Алматыда мәжіліске не мәслихатқа өтпеген ондаған кандидат пен азаматтық белсенділер "Халық парламентінің" алғашқы отырысын өткізді. Олар 19 наурызда өткен сайлауды заңсыз деп танып, қайта сайлау өткізуді талап етті.

"Халық парламентінің" құрамында саясаткерлер Рысбек Сәрсенбай, Мұхтар Тайжан, журналистер Инга Иманбай, Арман Шораев, Лұқпан Ахмедияров, экономистер Оразалы Ержанов, Айман Тұрсынхан, құқық қорғаушы Ерлан Қалиев, тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назарова, саясаттанушы Санжар Боқаев, бұрынғы депутат Нұржан Әлтаев және тағы басқа азаматтық белсенділер бар.

Олар 3,5 сағатқа созылған жиында 19 наурызда өткен сайлауда өрескел заңбұзушылықтар болып, нәтиже бұрмаланғанын айтты.

Алматы облысында бірмандатты окуругтен сайлауға түскен саясаткер Рысбек Сәрсенбай президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, сайлауда заңсыздыққа жол берген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров пен бас прокуруор Берік Асыловқа қатаң шара қолдануды талап етті. "Бұл қолыңыздан келмесе – "қуыршақ президент" болғаныңыз" деп сынады.

– Президент мырза, саяси реформа жасау, демократиялық құндылықтарды қадірлеу, азаматтардың құқығын қорғау сияқты сөздеріңіз іспен дәлелденбеді. Бәрі керісінше болып жатыр. Мажоритар сайлау жүйесін ішінара қайта енгізуге байланысты жұртшылықта сенім ұялаған еді. Ол сенім ақталмады. Биліктегілер алдап соқты, дауыс ұрлайтын, санау нәтижесін бұрмалайтын, көрсеткіштерді қолдан жасайтын мұндай сайлаудан миллиондаған адам одан әрі түңілді. Мемлекетке, оның басшысы – сізге деген сенімсіздік, жеккөрініш үдей түсті. Халыққа берген уәдесін орындамаған, ақырында қарғысқа ұшыраған Назарбаевты қайталасаңыз, сонда сіз кім болғаныңыз? Алдампаз диктатор болғаныңыз. "Алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады. Бұған Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты" деген мәлімдемеңіз жайына қалды, – деді қоғам қайраткері.

Жиналғандар сөз алып, "Халық парламенті" атқаруы керек қызметтерді талқылады. Жиын соңында ұсыныстарды жиып, қарар қабылдады.

Көпшілік қолдаған ұсыныстардың бірі – референдум өткізу. Экономист, Алматыда бірмандатты округтен сайлауға түскен кандидат Оразалы Ержановтың айтуынша, халық арасынан шыққан адамдар топ құрып, осындай бастама көтере алады. Соңғы шешімді президент айтады.

– Онда екі сұрақ болады. Бірінші сұрақ конституцияға өзгеріс енгізу туралы, соның ішінде мәжіліс депутаттарының санын 250-300-ге жеткізу. Оның жартысы партиялық тізіммен, жартысы бірмандатты округтерден сайланатын депутаттар болуы керек. Екінші сұрақ: жаңа конституция қабылдауды қолдайсыз ба? Бұл бойынша біз парламенттік басқару жүйесіне ауысуымыз керек, – деді Оразалы Ержанов.

Тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назарова сайлау туралы заңнаманы реформалау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, сайлау нәтижесін бұрмалағандарға жауапкершілікті күшейту керек.

Өткен парламент сайлауында тәуелсіз бақылаушылар көптеген заңбұзушылықты: кейбір адамдар бюллетеньді жәшікке топтап салғанын, бір адам бірнеше учаскеде дауыс бергенін тіркеген. Сайлау комиссиясының әрекетін сынап, заңсыздықты әшкерелеген бақылаушылар учаскеден шығарылған, кейбірінің жұмысына бөгет жасалған. ЕҚЫҰ ДИАҚБ бақылаушылар миссиясы сайлау учаскелері жабылғаннан кейін дауыс санау процесі ашық болмады деп бағалады.

"Халық парламенті" отырысында шетелге заңсыз шығарылған активтерді Қазақстанға қайтару мәселесі де көтерілді. Almaty Management University президенті, ғалым Асылбек Қожахметов "біз билікті түзейміз деп жүргенде, шетелдегі Назарбаев активтері құмға сіңгендей жоқ болуы мүмкін, бірінші кезекте осы мәселеге [активті қайтаруға] назар аудару керек" деді.

"Нұр Отанның" бұрынғы мүшесі, мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаев кейінгі екі сайлау "Тоқаевты Назарбаевтың абсолют монархиясын жалғастырушы екенін көрсетті" деп сынап, сайлауда дауысы ұрланғанын айтты.

"Халық парламенті" жұмысын үйлестіруші Мұхтар Тайжан жиынды бір инвестор қаржыландырғанын, ол адам өзінің аты аталғанын қаламайтынын айтты. Оның айтуынша, жиынды өткізу оңай болмаған. Отырыс өтетін күнге аз қалғанда бірінші келіскен қонақүй залын беруге айнып қалған. Ол мұның артында билік тұр деп пайымдайды.

"Халық парламентінің" алғашқы отырысының қарарында бұған дейін айтылған талаптардан бөлек, Тоқаевты сайлау нәтижесін жойып, жаңа сайлау өткізуге үндеу де бар.

Жиынға қатысушылар сонымен бірге Украинадағы соғыс жағдайында қазақ мемлекеттігіне төнген қауіп-қатер жөнінде де айтты.

Олар жуырда Солтүстік Қазақстан облысында 20 шақты адам жиналып, "егемендік жариялағанын" еске салды. "Халық парламенті" мүшелері дер кезінде сепаратистік бастамалардың жолын кесу керек деп мәлімдеп, күш құрылымдары тиімді әрекет етпей отырғанын айтты.

Отырысқа 100-ге жуық адам жиналды. Астана мен Шымкенттен, Атырау, Орал, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан белсенділер мен жуырдағы сайлауда депутаттыққа қандидат болғандар келді. Олар 9 сәуірде Алматыдағы орталық алаңға жиналатын болып шешті.

Жиын өткен қонақүй айналасын полиция мен Алматы әкімдігінің қызметкерлері күзетіп жүрді.

XS
SM
MD
LG