Accessibility links

Бестөбеде шахтерлер наразылықты тоқтатты. Билік пен жұмыс беруші талаптардың біраз бөлігін орындауға уәде етті


Бестөбедегі шахтерлер. 30 наурыз, 2023 жыл.
Бестөбедегі шахтерлер. 30 наурыз, 2023 жыл.

Ақмола облысы Бестөбе ауылында үш күннен бері наразылық білдіріп жатқан 300-ден астам шахтер 31 наурызда түнге қарай үйлеріне тарады. Қысқаруға ұшыраған және жұмыссыз бос тұрып қалған "Алтыналмас" кеншілері жұмыс орындарын жаппауды, өздерін қысқартпауды, шахталардан суды сорғызуды, кәсіпорынды жаңа инвесторға беру процесін жылдамдатуды және жұмысшыларға орташа жалақы төлеуді талап еткен.

Билік органдарының және "Алтыналмаспен" еншілес "Қазақалтын" компаниясының өкілдерімен келіссөзден кейін келісімге қол қойылып, оған индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі, Ақмола облысы әкімінің орынбасары, Степногорск әкімі және "Қазақалтын" компаниясының бас директоры қол қойған. Хаттамада бірнеше пункт бар:

  • "Қазақалтын" ЖШС басшылығы Бестөбе кеншілеріне 2023 жылғы 1 маусымға дейін ең төмен жалақы төлеуге міндетті;
  • "Қазақалтын" инвестор сұраған ақпаратты тез беруге тиіс;
  • Инвестор 1 мамырға дейін ақпаратпен танысып үлгеруге тиіс;
  • Степногорск қаласы әкімдігі 3 мамырға дейін ауыл халқымен және жұмысшылармен аудиторлық талдау нәтижесі бойынша кездесу өткізуге тиіс;
  • Келісімнің орындалуын индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қадағалайды.

Шахтерлер келісімде көрсетілген мерзімге дейін мәселе шешілмесе, қайта наразылыққа шығатынын ескертті.

31 наурызда шахтерлермен келіссөз жүргізу үшін Бестөбеге индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі міндетін атқарушы Иран Шархан, премьер-министрдің бірінші орынбасары міндетін атқарушы Роман Скляр, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев барды.

Билік өкілдерінің айтуынша, инвестор үш ай ішінде Бестөбе кен орнындағы жағдайды зерттеп, "мәселе оң шешілсе, шахтадағы суды сору жұмысына кірісуге дайын". "Алтын Қазына РА" атты компания инвестор ретінде аталды. Билік өкілдерінің хабарлауынша, компания қажет құжаттарды жылдам алуға көмектесуді сұрап отыр.

Бұған дейін аталған инвестор "Алтыналмас" компаниясының төрағасы Дияр Қанашевке хат жазып, Бестөбе кен орнындағы ахуал туралы ақпарат сұраған. Инвестор "Алтыналмастан" жобадан кету себебін түсіндіруді де сұраған.

Ашық мәліметке қарағанда, "Алтын қазына РА" компаниясы 2008 жылы Астанада тіркелген. Басшысы – Ерлан Қабылденов. Компания суасты-техникалық жұмыстармен айналысады. Компания штатында бес адам бар шағын кәсіпорындар қатарына жатады.

"Алтыналмас" компаниясының мәліметінше, Бестөбе ауылында 1013 адам қысқаруға ұшыраған. Бұған қоса, ондаған адам өзге жұмысқа орналасқан. Компания жұмысшыларды қысқартуды жобадан кету кезеңдерінің бірін аяқтау деп түсіндіреді.

Бұл кәсіпорын Бестөбедегі кен орнынан кететіні былтыр жыл аяғында белгілі болған. "Алтыналмас" сол кезде кен орны ұжымына қайырылып, "қоғам талап еткендей, жаңа инвесторға кенішті игеру құқығын тапсыруға дайын" екенін мәлімдеген. Оған дейін 2021 жылғы маусымда компания жұмысшылары жұмыссыз бос тұрып қалып, наразы болған.

Биыл наурыздың аяғында мыңнан астам адам жұмыстан қысқаратыны жөнінде ескерту-хабарлама алған. Шахталар суға толып жатқандықтан, жұмысшылар мен ауыл тұрғындары наразылыққа шыққан.

XS
SM
MD
LG