Accessibility links

Зеленский Медведев пен Кабаеваның отбасына санкция салды


Дмитрий Медведев пен Рамзан Қадыров.
Дмитрий Медведев пен Рамзан Қадыров.

Украина президенті Владимир Зеленский ресейлік азаматтар мен кәсіпорындарға кезекті санкция салу жөнінде жарлыққа қол қойды.

1 сәуір күнгі жарлыққа сәйкес, санкцияға 33 жеке тұлға мен 200-ден астам компания ілінді. Президент кеңсесі сайтында жарияланған құжатқа қарағанда, Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің әйелі Светлана Медведева мен ұлы Илья Медведевке санкция салынған. Тізімде сонымен бірге Владимир Путиннің айналасындағы адамдардың бірі, бұрынғы спортшы Алина Кабаеваның анасы Любовь Кабаева да бар.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың қызы мен президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Сергей Кириенконың отбасына да санкция салынған.

Шектеуге сонымен қатар Запорожьедегі "Мотор Сич" авиазауытының бұрынғы басшысы Вячеслав Богуслаев та ілінген. Оны былтыр қазанда Украина қарулы күштері ұстаған. Богуслаев өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Зеленскийдің жарлығына сәйкес, шектеу 10 жылға енгізіледі. Төрт компанияға (Челябинскідегі "Электромашина", Бийскідегі "Сибприбормаш" зауыттары, Нижний Ломовтағы электрмеханика зауыты және Славгород радиоаппаратура зауыты) сәл жеңілдік жасалған. Оларға салынған санкция 5 жыл күшінде болады.

Ақпаратқа қарағанда, тізімдегі тұлғалар мен компаниялардың активтерін Украина аумағынан шығаруға тыйым салынған, компаниялар алдындағы қаржылық және экономикалық міндеттемелерді орындау тоқтатылады.

Киевтің мәлімдеуінше, тізімге ілінген жеке және заңды тұлғалардың Ресейдің Украинаға басқыншылығына қатысы бар.

Ресей жағы жаңа санкцияға қатысты түсініктеме бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG