Ресей және Беларусь теннисшілері 2023 жылы Уимблдон турниріне қатыса алады. Турнирді ұйымдастырушы Лаун-теннис және крокет бойынша бүкілағылшын клубы (AELTC) осындай шешім қабылдады.
Уимблдонды ұйымдастырушылардың мәлімдемесіне қарағанда, Ресей және Беларусь теннисшілері турнирге тек бейтарап мәртебемен қатыса алады.
Ресей мен Беларусь билігі қаржыландыратын спортшылар жарысқа қатыса алмайды. Мұндай ереже осы екі елдің мемлекеттік компаниялары қолдаған теннисшілерге де қатысты.
Спортшылар сонымен бірге Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдамауға тиіс.
BBC ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ойыншылар мен команда мүшелері тиісті декларацияға қол қоюы қажет, оны бұзғандарға айыппұл салынады немесе жарыстан шеттетіледі.
Турнир 3-16 шілде аралығында өтеді.
Украина билігі Уимблдон ұйымдастырушыларының Ресей мен Беларусь спортшыларын турнирге қатыстыру туралы шешімін сынады.
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба оны "моральға қайшы" шешім деп атап, Ұлыбритания үкіметін спортшыларға виза бермеуге үндеді.
Бұған дейін Украина өз спортшыларына Ресей және Беларусь спортшылары қатысатын жарыстарға баруға тыйым салған.
2022 жылы Уимблдонды ұйымдастырушылар Ресей басқыншылығына байланысты осы ел мен Беларусь спортшыларының турнирге қатысуына тыйым салған еді. Сол себепті Кәсіби теннисшілер қауымдастығы ұйымдастырушыларға 1 млн доллар көлемінде айыппұл салған.
Бұған дейін Франция семсерлесу федерациясы Ресей мен Беларусь спортшылары қатысатын әлем кубогы кезеңін өткізуден бас тартқан. Оған дейін Германия да соған ұқсас шешім шығарған.
28 наурызда Халықаралық олимпиада комитеті Ресей мен Беларусьтің соғысты қолдамаған, допинг ережелерін бұзбаған спортшыларына жарысқа бейтарап мәртебемен қатысуға рұқсат берген. Бірақ бұл рұқсаттың 2024 жылы Парижде өтетін және 2026 жылы Миланда өтетін Олимпия ойындарына қатысы жоқ. Ресей мен Беларусь спортшыларының бұл ойындарға қатысатын-қатыспайтыны туралы шешім кейін шығарылады.