Accessibility links

Тоқаев президент әкімшілігінің жетекшілігіне жемқорлықпен күрес қызметінің басшысы Олжас Бектеновті тағайындады


Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов.

Бүгін, 3 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі қызметіне Олжас Бектеновті тағайындады. Олжас Бектенов бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы лауазымын атқарып келген.

Тоқаев бүгін, 3 сәуірде президент әкімшілігінің бұған дейінгі жетекшісі Мұрат Нұртілеуді премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі етіп тағайындаған болатын.

1980 жылы туған Олжас Бектенов 2006-2009 жылдары және 2014-2015 жылдары президент әкімшілігінде жұмыс істеген. 2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары, 2019-2023 жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған.

Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі өз лауазымы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевқа тікелей бағынады. Ол президент актiлерiнiң орындалуы мен сақталуын бақылайды, президент әкiмшiлiгiнiң парламентпен, үкiметпен және премьер-министр кеңсесiмен, Жоғарғы сотпен, Бас прокуратурамен, ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен, Ұлттық банкпен, облыстардың, республика астанасының және республикалық маңызы бар қалалардың әкiмдерiмен және мәслихаттарымен, қоғамдық бiрлестiктермен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, халықпен байланысын қамтамасыз етедi.

Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі – бейресми түрде жоғары биліктегі ықпалды лауазым.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG