Қытай кейінгі 60 жылда Оңтүстік Курил аралдары туралы ұстанымын алғаш рет өзгертті. 1964 жылдан бастап Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи аралдары Қытай картасында "Ресей басып алған Жапония жері" деп көрсетіліп келген. Қытай бұдан былай бейтарап ұстанымда болады. Бұл жөнінде Kyodo агенттігі хабарлады.
Арал Жапонияға тиесілі деген шешімді 1960 жылдары Мао Цзэдун қабылдаған. Қытайдың қазіргі жетекшісі Си Цзиньпин таяуда Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөзден кейін Қытай бұдан былай екі елдің жер тартысында бейтарап қалатынын мәлімдеген.
Басылымның дереккөзі 20-21 наурызда Мәскеуде Путин Си Цзиньпинмен "Оңтүстік Курилде арнаулы кеден алымынсыз аймақ құру туралы қабылданған заң мен кеден алымынсыз аймақты дамытудың маңызын" сөз еткен деп есептейді. Ресей думасы бұл заңды наурыздың басында қабылдаған. Токио мұны айыптай сөйлесе, Ресей арал кімге тиесілі екенін айқын көрсету үшін жасап отырғанын мәлімдеген. Мұндай аймақ бұрын Қырымда да құрылған.
Си Цзиньпин аймаққа инвестиция құю мүмкіндігі туралы айтудан тартынып, оны реформалар жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының қарауына қалдырған.
Басылым дереккөзінің сөзіне қарағанда, Қытайдың ұстанымы Жапония мен Ресей арасындағы жер тартысын реттеуді қиындата түсуі мүмкін.
- Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи аралдарын СССР Екінші дүниежүзілік соғыс қорытындысы бойынша қосып алған. 1956 Совет Одағы мен Жапония Шикотан мен Хабомаи аралдары бейбіт келісімнен кейін Жапонияға берілуге тиіс дейтін декларацияға қол қойған. Бірақ кейінгі ширек ғасырда жапон билігі барлық аралды қайтаруды талап ете бастаған. Бейбіт келісімге әлі күнге дейін қол қойылмаған.
- Жапония Ресейге жер талабын тоқтатқан емес. Ресей мен Украина арасында соғыс басталған соң, Жапония Курил аралдарын "заңсыз басып алынған аймақ" деп атаған.
ПІКІРЛЕР