Accessibility links

ЮНЕСКО Украинадағы мәдениет инфрақұрылымын қорғауына алады


ЮНЕСКО-ның бас директоры Одре Азуле мен Украина президенті Владимир Зеленский Черниговта. 3 сәуір, 2023 жыл
ЮНЕСКО-ның бас директоры Одре Азуле мен Украина президенті Владимир Зеленский Черниговта. 3 сәуір, 2023 жыл

Ресей басқыншылығы салдарынан Украинаның мәдени мұрасы мен мәдениет секторына 2,4 миллиард еуро шығын келген. Ал мәдениет, өнер және туризм саласы бойынша Украина 13,9 миллиард еуро табысынан айырылған. Бұл мәлімет 3 сәуірде ЮНЕСКО баяндамасында айтылған. Биыл 22 наурызға дейін Украинада 248 мәдениет нысанына зақым келген, бұзылған.

Ұйымның бас директоры Одре Азуле екі күндік сапармен Украинада жүр. Киев пен Черниговқа барған ол сейсенбіде Одессада болады. Биыл қаңтардың соңында Одессаның тарихи орталығы Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне қосылған.

ЮНЕСКО интернеттегі арнаулы парақшасына Украинаның әр қаласында қираған мәдени мұра тізімін жариялаған. France-Presse хабарына қарағанда, Одре Азуле бүлінген мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіру үшін 6,4 миллиард еуро керек деп бағалаған.

Халықаралық француз радиосы Одесса ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне қосылып, қорғауы күшейтіле түскен Украинаның жетінші мәдениет нысаны деп хабарлайды.

ЮНЕСКО Одесса қаласының мемлекеттік архивіне өнер үлгілері мен құжат қорында сақтаулы тұрған 1 мыңнан аса туындыны цифрландыратын қондырғы берген.

Соғыстың алғашқы айларында зардап шеккен алты нысан, соның ішінде Чернигов қаласының орталығы да ЮНЕСКО-ның "болашақ" тізімінде тұр. Оларды Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне қосу үшін Украина өтініш беруге тиіс.

Қазіргі кезде Украинаның негізінен Харьков, Донецк, Луганск облыстарындағы мәдениет инфрақұрылымына зақым келген.

Қарулы қақтығыс бола қалған жағдайда мәдениет құндылықтарын қорғау мәселесі 1954 жылы Гаага конвенциясында қарастырылған. ЮНЕСКО сарапшылары Ресейдің Украинадағы мәдениет құндылықтарына келтірген шығынын есептеп жатыр.

БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша сайты "Қазірге дейін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енген бірде-бір нысан соғыс қимылдарынан бүлінген жоқ" деп жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG