Accessibility links

Жаңаөзенде бір топ әйел ұлдарын тұрақты жұмысқа орналастыруды сұрады


Әкімдік алдында талаптарын оқып тұрған Жаңаөзен тұрғындары. 4 сәуір, 2023 жыл.
Әкімдік алдында талаптарын оқып тұрған Жаңаөзен тұрғындары. 4 сәуір, 2023 жыл.

4 сәуірде Маңғыстау облысындағы моноқала – Жаңаөзенде тұрақты жұмыс сұрап жүрген ондаған тұрғын қала әкімдігіне жиналды. Олар лауазымды тұлғаларды мәселелерін шешіп беруге үндеді. Жаңаөзен қаласы әкімдігі алдына жиналғандар, арасында әйелдер мен қарттар бар, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Жаңаөзен әкімі Айбек Қосуақовқа қайырылды.

"Біз осы мәлімдемені сіздерге жолдап отырмыз, себебі, біз, Жаңаөзен тұрғындары, бірнеше жылдан бері жұмыссызбыз. Бірнеше жылдан бері Жаңаөзен әкімдігі алдына жиналып, қала әкімі Қосуақовтан, әкімнің орынбасарлары Аймағанбетовтен, Қайнарбаевтан жұмыс сұрап келеміз. Бірақ олар ылғи "жұмыс жоқ" деумен келеді. Бізді еңбекпен қамту бөліміне жібереді, ал еңбек қамту бөлімі өздігінен шешім шығара алмайды. Осы тізбек қайталана береді" деді мәлімдемені оқыған тұрғындардың бірі.

Жиналғандардың айтуынша, мәлімдемеге қол қойғандардың жартысы – ұлдарын жұмысқа орналастыруды сұрап жүрген әйелдер.

"Әйелдер ұлдарына жұмыс сұрап жатыр. Ерлер әкімдікке барып, жұмыс сұраудан қорқады. Олардың балаларын полиция алып кетпейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Оларды полиция учаскелерінен шығару үшін және айыппұл төлеу үшін ақшаны қайдан аламыз?" деді жиналғандар.

Тұрғындар облыс және қала әкімі шыққанын талап етті. Бұған қоса, олар жаңадан сайланған депутаттардың өздеріне келіп, талап-тілегін тыңдамағанын да баса айтты.

Маңғыстау облысында жұмыссыздық мәселесі ұзақ уақыттан бері шешілмей келеді. Жұмыссыздар жергілікті биліктен тұрақты жұмыс беруді жиі талап етіп жүр. 4 сәуірде Жаңаөзенде "Өзенмұнайгаз" компаниясының кеңсесі алдына 100-ден астам жұмысшы жиналып, тұрақты жұмыс талап еткен. Олардың наразылығы 5 сәуірде де жалғасты.

Жаңаөзен қалалық мәслихатының төрағасы Ғалым Байжанов Азаттыққа мәслихат жұмыссыз тұрғындар мен мұнайшылардың талабынан хабардар екенін айтты. Оның айтуынша, жұмысшылардың мәселесін әкімдік пен компания қарастырып жатыр.

3 сәуірде Маңғыстау облысы әкімдігі облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың "халықпен кездесуінің қорытындысын" жариялаған. Онда Ноғаев "қазіргі жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашуға" күш салу керек деп мәлімдеген. Дегенмен ол "өңірдің барлық тұрғынын мұнай-газ саласына орналастыру мүмкін емес" деген билік өкілдері жиі айтатын пікірді қайталады.

Бұған дейін 2 сәуірде Қарақия ауданы Жетібай ауылының тұрғындары алты күнге созылған наразылықты тоқтатқан. Жексенбі күні тараған видеода наразылардың бірі талаптары орындалатыны жөнінде ескерту алғанын айтады.

XS
SM
MD
LG