6 сәуірде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі "Талибан" үкіметінің ауған әйелдеріне ұйым миссиясында жұмыс істеуге тыйым салуына қатысты мәселені жабық жиналыста талқылайды.
БҰҰ-ның хабарлауынша, "Талибан" қозғалысы Ауғанстандағы әйелдерден аталған ұйымның миссиясы құрамында жұмыс істемеуді ресми түрде талап еткен. БҰҰ мұндай талаптан бас тартуға үндеген.
БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясы басшысының орынбасары, гуманитарлық мәселелер жөніндегі үйлестіруші Рамиз Алакбаровтың "Франс-Пресс" агенттігіне мәлімдеуінше, мұндай тыйым ұйым жарғысына қайшы келеді. Оның айтуынша, бірде-бір орган БҰҰ-ға адамдарды жұмысқа алу не жұмыстан шығару жөнінде нұсқау бере алмайды.
Алакбаров тәліптердің тыйымы БҰҰ-ның көмекке зәру азаматтарға гуманитарлық керек-жарақ жеткізуіне кедергі келтіруі мүмкін деп есептейді. Өйткені Ауғанстандағы экономикалық дағдарыс уақыт өткен сайын тереңдеп барады.
БҰҰ бас хатшысының орынбасары Әмина Мұхаммед "Талибан" әрекетін "ислам құндылықтарына жасалған соққы" деп сипаттаған. Оның айтуынша, БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясында жұмыс істейтін әйелдердің жалақысы тоқтамайды. Ұйымның Ауғанстандағы 4 мың қызметкерінің 3,3 мыңы – жергілікті азаматтар. Миссия құрамында 400-ге жуық ауған әйелі бар.
2021 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы қаңтарға дейінгі аралықта БҰҰ ауған азаматтарына 1 млрд доллардан асатын көлемде гуманитарлық көмек берген.
ПІКІРЛЕР