Қазақстан денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният науқастың денсаулығына зиян келсе немесе қайтыс болған жағдайда дәрігерлерге берілетін жазаны жұмсартуды ұсынды. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
"Науқастың денсаулығына зиян келтіргені немесе оның өліміне себепкер болғаны үшін дәрігерлерге қолданылатын барлық жазаны жұмсарту керек" деді 7 сәуірде Ажар Ғиният денсаулық сақтау заңнамасына енгізілетін өзгерістерді талқылаған мәжілістегі жұмыс тобының отырысында.
Оның сөзінше, Қылмыстық кодекстегі "медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы" туралы 317-бапқа өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда:
- 1 бөлік: денсаулыққа орташа дәрежеде зиян келтіру бойынша қазір 200 АЕК айыппұл немесе 180 сағат қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылса, жаңа жобада айыппұлды 100 АЕК-ке дейін төмендету, қоғамдық жұмысты 100 сағатқа дейін қысқарту, қамау мерзімін 30 тәулікке дейін азайту ұсынылып отыр;
- 2-бөлік: денсаулыққа ауыр зиян келтіру бойынша қазір 3 мың АЕК немесе 3 жыл түрме жазасы немесе шектеу немесе қоғамдық жұмыс қарастырылса, жоба авторлары айыппұлды 2 мың АЕК-ке дейін азайтуды, 2 жылға дейін бостандықтан айыру немесе шектеу жазасын ұсынып отыр;
- 3-бөлік: науқас қайтыс болған жағдайда қазір 5 жыл түрме жазасы қарастырылса, жаңа жобада жазаны 4 жылға дейін азайту ұсынылып отыр.
- 4-бөлік: екі немесе одан да көп адамның өліміне қатысты айыпталған медицина қызметкеріне қазір 3-7 жыл түрме жазасы қарастырылса, мұны 6 жылға дейін бостандықты шектеу жазасымен алмастыру ұсынылып отыр;
- 5-бөлік: өзге адамға ВИЧ жұқтыру – қазір 5 жылға дейін түрме жазасы қарастырылса, жаңа жобада оны 5 жылға дейін бостандықты шектеу жазасымен алмастыру ұсынылып отыр.
Наурыздың аяғында парламенттің алғашқы сессиясының ашылуы кезінде сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерін "заңдық тұрғыда қолдаудың мәні" туралы айтқан.
Парламентте бір жыл бойы дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыруды реттеуге бағытталған арнайы заң жобасы талқыланған. Тоқаевтың айтуынша, дегенмен медицина мамандарының беделін арттыруға бағытталған нақты шаралар жоққа шығарылған.