Accessibility links

Бас прокуратура 9 сәуірде "заңсыз митингіге" шыққандар жазаланатынын ескертті


9 сәуір күнгі митинг қарсаңында Бас прокуратура азаматтарды "заңсыз акцияларға" қатыспауға үндеді. Ведомство бейбіт жиын туралы заңды бұзғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескертті.

Ведомствоның хабарлауынша, әлеуметтік желіде 9 сәуірде рұқсат етілмеген митинг өтетіні жайлы хабар тараған. Заң бойынша, мұндай шаралар арнайы бөлінген орындарда және жергілікті атқару органдарының рұқсатымен өтуге тиіс.

"Көрсетілген нормалар сақталмаған жағдайда кез келген жария шақырулар заңсыз деп танылады" деген ведомство заң бұзғандарға әкімшілік және қылмыстық кодексте жаза қарастырылғанын ескерткен.

Бұған дейін Қазақстанның түрлі өңірінде белсенділер жергілікті билік сайлау нәтижесіне қарсы митинг өткізуге рұқсат бермегенін айтқан. Кейбірі конституциялық құқықтарын пайдаланып, пікір айтатынын хабарлаған. Бұған қоса, "Халық парламенті" өкілдері де Алматыда алаңға жиналатынын айтқан. Олар парламент сайлауын қайта өткізуді талап ететінін мәлімдеген.

19 наурызда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауында, Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, мәжілістегі орындардың басым бөлігін билік партиясы иеленген. Парламентке билікті сынамайтын тағы бес партия өтті. Тәуелсіз бақылаушылар мен өзін-өзін ұсынған бірқатар кандидаттар сайлау әділетсіз өткенін айтып, көп заңсыздық болғанын хабарлаған. Мәжіліске өте алмаған кейбір кандидаттар сайлау нәтижесі бұрмаланғанын айтып, сайлауды қайта өткізуді талап етті. Билік сайлау нәтижесіне әсер ететіндей ірі заңсыздық болмағанын айтқан.

Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиын туралы" деп аталатын жаңа заң қабылданғанымен, құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Халықаралық және құқық қорғаушылар ресми Астанаға азаматтардың бейбіт жиналу құқығын сақтауды ескертіп келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG