Accessibility links

"Вагнер" әскери компаниясы Түркиядан қару сатып алмақ болған – Пентагонның әшкере құжаттары


Журналистер Украина мен Ресей әскері жөнінде Пентагон мен Орталық барлау басқармасынан шығып кеткен құпия құжаттар туралы жаңа мәліметтерді анықтады. Бұл құжаттар Америка арнаулы қызметі екі елдің де әскери мүмкіндіктері жинаған ақпараттарының ауқымын көрсетеді. Құпия құжаттар қалай жарияланып кеткенін Американың The New York Times пен Washington Post газеттері зерттеп жатыр.

Бұл құжаттарға қарағанда, ақпанның басында "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы Украина мен Малидегі ұрыс қимылдарына арнап қару сатып алу үшін Түркиямен келіссөз жүргізген. Екі тараптың келісімге келген-келмегені белгісіз. "Дегенмен НАТО мүшесі бола тұра, Ресейдің әскери құрылымымен қару саудасы туралы сөйлескені Түркияның репутациясына үлкен соққы болуы мүмкін" дейді Washington Post.

Әшкере болған құжатта Қытайдың Укринадағы соғысқа байланысты ұстанымы да сөз болған. Орталық барлау басқармасының есебінше, Пекин НАТО-ны агрессор деп танып, Ресейге қолдауды ұлғайта түсу үшін Украинаның Ресейде диверсияны күшейткен сәтін күтуі мүмкін. Әзірге АҚШ пен Еуропа одағының қолында Қытай Кремльге қару бергені жайлы ақпарат жоқ, бірақ Украина НАТО қаруын пайдаланып, Ресейде диверсияны күшейтетін болса, Қытай қару бере бастауы ықтимал дейді барлау есебі.

Иранның ядролық бағдарламасы мен Солтүстік Кореяның зымыран сынақтары жайлы құжаттар да жария болған.

Құпия құжаттар қалай жарияланғаны әзірге белгісіз. Бұл құжаттар АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғаларына арналған, оның ішінде АҚШ қарулы күштерінің қолбасшысы генерал Марка Милли де бар. Құжаттан Америка арнаулы қызметі өзге елдердің жоспарлары мен әрекеттері туралы қаншалықты хабардар екенін де көруге болады. The New York Times АҚШ Украинадан гөрі Ресейдің әскери операциялары туралы нақтырақ біледі деп жазады.

Журналистер "құпия құжаттар жария боп кеткені АҚШ пен одақтастарының қарым-қатынасын күрделендірді, Американың құпия сақтай алатынына күмән туғызды" деп жазды.

Жұма күні "АҚШ қорғаныс министрлігінің басшылығы барлау мәліметтеріне қол жеткізу мүмкіндіктерін шектеді" деп хабарлады Washington Post газетінің екі дереккөзі. Оның бірі мұны әдеттегіден әлдеқайда қатаң шара деп сипаттап, "Пентагон басшылығындағы абыржудың белгісі" деп есептеген.

АҚШ әділет министрлігі тексеріс басталғанын хабарлаған.

  • Кейінгі күндері Америка арнаулы қызметіне тиесілі құпия құжаттар бірнеше рет ірі көлемде жария болған. Оның көпшілігі Ресей мен Украина соғысы жөніндегі ақпараттар. "Коммерсант" басылымының хабарына қарағанда, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ пен НАТО-ның Украинадағы конфликтіге қатысы бар екеніне Мәскеудің күмәні жоқ екенін мәлімдеген. Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк "жария болған ақпарат жалған" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, мұндай өтірік ақпараты Мәскеу ойлап табады, ал Украина өзінің нақты жоспарын майданда көрсетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG