Accessibility links

"Бюллетень шашқан" видеодан полиция қылмыс таппай, журналист Ахмедияровтың арызын қайтарған


Лұқпан Ахмедияров.
Лұқпан Ахмедияров.

Қазақстанда 19 наурызда мерзімінен бұрын өткен мәжілісті және мәслихаттарды сайлау кезінде бюллетень шашып жинағандардың видеосы бойынша полиция қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан. Бұл туралы мәжіліс депутаттығына кандидат болған журналист Лұқпан Ахмедияров Facebook-те хабарлады. Бюллетеньдерді шашып жинағандардың видеосын да сол жария еткен еді.

10 сәуірдің кешінде Лұқпан Ахмедияров өзі жазған арызға Батыс Қазақстан облысы Бөрлі аудандық полиция бөлімінен жауап алғанын хабарлаған.

Ахмедияров Батыс Қазақстан облысынан мәжіліс депутаттығына кандидатурасын ұсынған, алайда сайлау комиссиясы оның бәсекелесін жеңімпаз ретінде жариялаған.

"Бүгін Бөрлі аудандық пролициясының бастығы М.Н.Ізтілеуов қол қойған хат келді. Хатта сайлау комиссиясының мүшелерінің іс-әрекетінде қылмыс белгісі жоқ деп жазылған" деп хабарлады Ахмедияров.

Ахмедияров жариялаған жауапқа қарағанда, Бөрлі аудандық полициясы "бюллетень шашқан" Ақсай қаласындағы сайлау комиссиясының мүшелерімен сөйлесіп, олардың іс-әрекетінен қылмыс таба алмаған. Сол себепті іс қозғалмаған.

"№161 комиссиясының төрағасы А.Ғ. Байниязованың және сайлау учаскесінің мүшесі З.З. Қалимованың сөзіне қарағанда, олар пайдаланылмаған бюллетеньдерді қарбалас кезде бұрын жерге түсіп кеткен бюллетеньдердің үстіне түсіріп алған. Алайда кейін пайдаланылмаған бюллетеньдерді жинап алып, шетін кесіп, бөлек топтаған" деп жазған полиция.

Ахмедияров бұл істі әрі қарай да тексертетінін айтты.

Сайлау күнгі заңбұзушылықты бақылаушылар видеоға түсірген. Сайлау комиссиясының мүшелері санақ кезінде бюллетеньдердің бір бөлігін еденге түсіргені және үстелдің астында тұрған таза бюллетеньдерді соларға араластырып жібергені видеодан көрінеді.

Осыған байланысты Ахмедияров полицияға арыз жазып, тексеріс жасап, жауапқа тартуды сұраған еді.

Сайлаудың ресми қорытындысына келіспейтін Ахмедияров шағым түсіріп, бюллетеньдерді қайта санататынын мәлімдеген. Журналист өткен аптаның соңында Оралда митингіге шыққан. Оның негізгі бәсекелесі болған заңгер Абзал Құспан, ресми мәліметке қарағанда, үлкен айырмамен жеңген.

Тәуелсіз бақылаушылар мен тәуелсіз кандидаттар 19 наурыздағы мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауы заңбұзушылықпен, әділетсіз өтті деп мәлімдеген. Олардың бақылаушылары мен сенімді өкілдері өздері куә болған көптеген өрескел заңсыздықты виедоға түсіріп алған. Олардың жұмысына сайлау комиссиялары түрлі жолмен кедергі жасаған.

Журналист Ахмедияров пен адвокат Құспанның тартысы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG