Accessibility links

Economist: Беларусьтің Мачулищи аэродромындағы диверсияға Украина барлауы агенттерінің қатысы бар


Беларусьтің Мачулищи аэродромындағы ресейлік А-50 әскери ұшағы.
Беларусьтің Мачулищи аэродромындағы ресейлік А-50 әскери ұшағы.

Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) 26 ақпанда Беларусьтің Мачулищи аэродромында болған жарылысқа агенттерінің қатысы барын анықтаған. Шабуыл салдарынан ресейлік А-50 әскери ұшағы бүлінген. Бұл туралы жазған ұлыбританиялық Economist басылымы өткен аптада желіде жарияланып кеткен Пентагонның жасырын деректеріне сілтеме жасаған.

АҚШ барлауының құжаттарына қарағанда, аэродромдағы оқиғаға қатысы бар СБУ агенттері өз басшылығының бұйрығына қарамастан әрекет еткен деді британ басылымы.

Economist мақаласында Вашингтон бұл ақпаратты радиоэлектрондық барлаудың көмегімен білді деп жазған. "Өте құпия" деген белгі соғылған құжатта Ресей ұшағына жасалған шабуылға баға берілген деп жазды басылым.

Украина бұған қатысты әзірше ешқандай түсініктеме берген жоқ.

  • 26 ақпанда Беларусь күш құрылымдарының бұрынғы қызметкерлері құрған BYPOL деп аталатын оппозициялық қозғалыс Минскіден 12 шақырым жердегі Мачулищи аэродромында тұрған ресейлік ұшаққа дрондар шабуыл жасағанын хабарлады.
  • Билік әуелде бұған қатысты ештеңе айтпады, ал кейін әуеде ұшып бара жатқан ұшақтың видеосын көрсетіп, әлгі ақпарат жалған дегенді меңзегендей болды. Кейінірек Ресей ұшағы Таганрогқа жөндеуге апарылғаны мәлім болды.
  • 7 наурызда Беларусь билігі Кривой Рогта туған, Ресей паспорты бар адамды күдікті ретінде ұстағанын хабарлады. Кейін тергеу кезінде өзін Николай Швецпін деп таныстырған адам Украина арнаулы қызметінің тапсырмасы бойынша ресейлік ұшаққа екі дронның көмегімен шабуыл жасағанын айтып берген.
  • Украина сыртқы істер министрлігі Мачулищи аэродромындағы оқиғаға Киевтің қатысы бар деген ақпаратты терістеді. Украина президентінің кеңсесі диверсияны "партизандар" деп аталатындар жасаған деп мәлімдеді. Украинамен соғысуға қарсы топтар өзін солай атайды. Олар Беларусьтегі теміржолда жасалған диверсияларға жауапкершілікті мойнына алатынын айтып, оқтын-оқтын мәлімдеме жасап тұрады.
  • АҚШ пен НАТО ұйымының құпия құжаттары, соның ішінде Украинаның Ресейге қарсы шабуылының жоспарына, [Украинаға] қару-жарақ беруге, әскер санына, бұған қоса, Таяу Шығыс пен Қытайға қатысы бар мәліметтер наурызда желіде жарияланып кетті. Бұл оқиға АҚШ пен оның одақтастары арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсірді деп жазды Politico басылымы. Вашингтон көпшілікке жария болған деректердің рас-өтірігін тексеріп жатыр.
  • Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков жария болған құпия құжаттар Ресей мен Украина арасындағы жанжалға АҚШ пен НАТО килігіп отырғанына тағы бір дәлел болады деп мәлімдеді. Киев құпия құжаттарды жариялаудың артында Ресейдің барлау қызметі тұр деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG