Accessibility links

Мәжіліс төрағасы Астанада наразы мұнайшыларды полиция күш көрсетіп ұстағанын "байқамадым" дейді


Полиция жасағы үкіметке жұмыс туралы талап айтып келген жаңаөзендік мұнайшыларды энергетика министрлігі алдынан күш қолданып әкетіп жатыр. Астана, 11 сәуір, 2023 жыл
Полиция жасағы үкіметке жұмыс туралы талап айтып келген жаңаөзендік мұнайшыларды энергетика министрлігі алдынан күш қолданып әкетіп жатыр. Астана, 11 сәуір, 2023 жыл

Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов сейсенбіде Астанадағы энергетика министрлігі алдынан үкіметке жұмыс туралы талап айтып келген жаңаөзендік мұнайшыларға полиция "күш қолданғанын байқамадым" деп отыр. "Ол жерде болған жоқпын" деді спикер.

Жаңаөзендіктерді күштеп көлікке салып алып кеткен арнайы жасақ заң шеңберінде әрекет еткенін бірнеше рет қайталаған Қошанов мұнайшылардың тұрақты жұмыс тауып беру туралы талабын заңсыз деп есептейді.

Наразылармен сөйлесуге билік өкілдерінен неге ешкім бармады деген сұраққа Қошанов "мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сала өкілдерінен құрылған арнайы топ түсініктеме берді" деп жауап қатты.

Наразылардың еңбек жағдайы туралы талабына қатысты спикер "олар 700 мың теңге еңбекақыны азсынады екен" деп айтылып жүрген, бұған дейін мемлекеттік басылымдарда бірнеше рет жарияланған ақпаратты тағы да алға тартты. Мұнайшылардың өздері Азаттыққа берген түсініктемесінде "жоғары жалақы туралы тұзаққа бірнеше рет түскенін", әуелде бірер ай қомақты еңбекаққы төлеп, кейін "жұмыс көлемі азайды" деген сылтаумен адамдарды еңбекақысыз қалдыратынын айтып шағымданған. Әлеуметтік әділетсіздіктен зардап шеккенін айтқанын олардың негізгі талабы – тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. "Бізге 70 пайыз төмен жалақы ұсынды" деп мәлімдеген жұмысшылар "Өзенмұнайгаз" кәсіпорнындағы сияқты еңбекақыға жұмыс істеуге келісетінін мәлімдеген.

Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев маңғыстаулық мұнайшылардың талабына қатысты айтқан пікірінде: "расымен қысқамерзімді тендер сол компанияда жұмыс істейтіндердің көңіліне тұрақтылық сезімін ұялатпайды, содан барып әлеуметтік әділетсіздік пайда болады" деді.

Биыл бірмандатты сайлау округінен мәжіліс депутаты болып сайланған Дәулет Тұрлыханов жаңаөзендік мұнайшыларды полиция ұстап әкеткені, одан кейін түнде Астана мен Маңғыстауда болған оқиғалар хақында не айтасыз деген сұраққа "ештеңе білмеймін", себебі "түнде ұйықтадым" деп жауап берді. Ол энергетика министрлігі басшылығының наразы мұнайшылармен диалогке құлық танытпауы дұрыс емес деп есептейді. "[Энергетика] министрі сөйлесуі керек еді" деді ол.

Ал полиция жаңаөзендік жұмысшыларды энергетика министрлігі алдынан қалай әкеткенін видеодан көргенін айтқан "Республика" фракциясының жетекшісі, депутат Айдарбек Қожаназаров Бас прокуратураға "мұнайшылардың құқығы бұзылған жоқ па" деген сауал жолдауға уәде берді. "Осылай күш қолданып әкетуді құқық бұзу деп есептейсіз бе?" деген сұраққа депутат "оны құзырлы органдар шешеді" деп жауап қайтарды.

Жаңаөзендіктер ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етіп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:07 0:00

11 сәуірде кешкісін полиция Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласынан тұрақты жұмыс беруін талап етіп Астанаға арнайы келген ондаған мұнайшыны энергетика министрлігі алдынан күштеп көлікке салып, полиция бөлімдеріне алып кеткен. Түні бойы полицияда болған жаңаөзендік мұнайшылардың көбі 12 сәуірде таңертең Астанадан пойызбен Маңғыстауға қайтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG