12 сәуір күні түстен кейін Шымкентте "Аманат" партиясының қалалық бөлімшесі ғимаратының алдында белсенді Ақлима Пернеева жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол "сайлау қорытындысын бұрмалауға жол берген" қала әкімі Мұрат Әйтенов пен аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаевтың қызметінен кетуін талап етті.
19 наурызда өткен кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауында Шымкент қалалық мәслихаты депутаттығына үміткер болған Пернеева қолына "Әділетсіз сайлау. Қала әкімі Әйтенов пен сайлауком Құнанбаев кетсін" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.
– №16 сайлау округінен сайлауға түстім. Барлық учаскенің дауыс беру қорытындысы туралы хаттаманы ала алмадық. Алған хаттамалардың өзіне мөр басылып, комиссия мүшелерінің қолы қойылмаған. Сайлау комиссиялары "Аманат" партиясына жұмыс істеді. Олардың үстінен арыз жазып, хаттаманың күшін жоюды сұрап, сотқа шағым түсірдім. Сот шағымымды қанағаттандырмады. Күйіп кеттім. Сайлауда жеңіске жетпегеніме емес, адамдардың дауысы ұрланғанына қарсымын, – дейді Пернеева.
Пернеева "Аманат" партиясы сайлауда пайдаланылмаған бюллетеньдерді өз есебіне заңсыз қосты деп біледі. "Оған видеодәлелдерім бар" дейді ол.
Белсенді пикет өткізіп тұрғанда, жол-жөнекей адамдар да сайлау туралы пікір білдіріп жатты. Олардың бірі "сайлау өмірі әділ болған емес, оны бәрі біледі" деді.
Шамамен 20 минут өткен соң полиция келіп, белсендіге заңсыз әрекетке бармауды ескертіп, плакатын жинауды сұрады. Ал әкімдік өкілі оған пикетті тоқтатпаса, әкімшілік жауапқа тартылатынын айтты.
Белсенді шамамен бір сағат наразылық білдіріп, үйіне кетті. Оны әкімдік қызметкерлері мен полицейлер сырттай бақылап тұрды.
Ал Қайырбек Құнанбаев Пернееваның "сайлау қорытындысы бұрмаланды" деген айыбымен келіспейді. Ол сайлау заңды өткенін айтады.
“Бізде 16 сайлау округінің қорытынды хаттамасы бар. Біз сол хаттама негізінде жеңген үміткерді анықтадық” деді төраға Азаттыққа.
Пернеева бұдан бұрын да Шымкентте саяси әлеуметтік тақырыптарда өткен наразылықтарға қатысқан. 19 наурыз күні өткен кезектен тыс сайлауда қалалық мәслихат депутаттығына үміткер болған. Ол сайлау қорытындысын мойындамайды.
Шымкентте сайлау қорытындысы бұрмаланды деген шағыммен кемі төрт үміткер сотқа арызданған. Бірақ қалалық мамандандырылған ауданаралық сот ешқайсының шағымын қанағаттандырмады.
ПІКІРЛЕР