Accessibility links

Қырғызстан мен Ресей әуе шабуылынан қорғайтын бірыңғай жүйе құру туралы келісімге қол қояды


Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров және Ресей президенті Владимир Путин.
Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров және Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей үкіметі Қырғызстанмен әуе шабуылынан қорғанудың бірлескен жүйесін құру жөнінде келісімді мақұлдады. Құжатқа екі елдің қорғаныс министрлері былтыр қол қойған.

Тараптар бұл көптен бері жоспарланып келе жатқан жоба екенін айтады. Дегенмен бұл жағдай Украинадағы соғыс тұсында өзгеше боп тұр.

Ресей үкіметінің келісімді мақұлдау жөніндегі жарлығы шыққаннан кейін, 10 сәуірде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Ресей басшысы Владимир Путин телефон арқылы сөйлескені белгілі болды.

Екі ел арасында әуе қорғанысы бойынша бірыңғай жүйе құру жөніндегі бұйрыққа былтыр жаз кезінде Владимир Путинің өзі қол қойған.

"Интерфакс" агенттігінің мәліметіне қарағанда, Ресей мен Қырғызстанның бірлескен әуе қорғанысы жүйесі арнайы құрылым сияқты болады. Оның құрамына кіретін әскер екі тараптың құқық қорғау органдарынан таңдалады. Орыс әскерін Қырғызстанға орналастыру үшін Бішкек бес гектар жерді ақысыз беруі керек болады.

Іс жүзінде Қырғызстан мен Ресей арасында әуе шабуылынан қорғайтын жүйе бойынша келісім бұрыннан бар. Ол – 1995 жылы 10 ақпанда ТМД-ның 12 елі Алматыда қол қойған әуе шабуылынан қорғайтын біріккен жүйе құру туралы келісім.

Ресей мен Қырғызстаннан бөлек, бұл құжатқа Әзербайжан, Молдова, Армения, Беларусь, Тәжікстан, Грузия, Түркіменстан, Қазақстан, Өзбекстан және Украина қол қойған. Бірақ Украина мен Түркіменстан келісімдегі негізгі шарттарға келіспеген. Ал Грузия 2008 жылы аумағына Ресей басып кіргеннен кейін келісімнен шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG