Accessibility links

"Қазақстан – үлкен түрме" атты акцияға қатысқан белсендіні сот 2 жылға бостандығынан айырды


Азаматтық белсенді Еркін Қазиев. 2019 жыл.
Азаматтық белсенді Еркін Қазиев. 2019 жыл.

11 сәуірде Алматы облысы Қарасай аудандық соты азаматтық белсенді Еркін Қазиевті 2 жылға бостандығынан айырып, қоныс колониясына жіберді. Сот оны "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" және "билік өкіліне күш қолдану" баптары бойынша кінәлі деп таныды.

2022 жылы 4 қаңтарда Еркін Қазиев пен бірнеше азамат Қаскелеңде жан-жағы торланып құрастырылған арбаға өздерін шынжырмен байлап, акция өткізген. Екі адам сол тордың ішінде болған. Қалғандары арбаны итеріп, сүйреген. Олар жергілікті әкімдікке қарай жылжып, "Жаңаөзенді қолдаймыз", "Саяси тұтқындарға бостандық!" деп айқайлаған. Олар әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, акцияны "Қазақстан – үлкен түрме" деп атаған. Көп кешікпей оқиға орнына полиция мен арнайы жасақ өкілдері келіп, шынжырларды үзіп, акцияға қатысқандарды ұстаған. Ұсталғандардың сөзіне қарағанда, оларды дөрекі күшпен ұстап, арнайы құралдар да қолданған.

Бастапқыда ұсталғандар 7 күн әкімшілік қамауға алынған, алайда 2022 жылы 5 қаңтарда кешкісін – Қазақстан қалаларында жаппай наразылық өтіп жатқан кезде күш құрылымдары өкілдері оларды еш түсіндірместен уақытша қамау изоляторынан босатқан. #NotExtremists телеграм-арнасының хабарлауынша, Қаңтардағы наразылық аяқталған соң, күш құрылымдары қызметкерлері Қазиевтің үйіне барған. Ақпаратқа қарағанда, Қазиев ұстаудан қауіптеніп, бірнеше ай үйіне келмеген. Ол 27 қазанда ұсталып, қамауға алынды.

Оның үстінен "билік өкіліне күш қолдану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күш құрылымдары акцияға қатысушыларды ұстау кезінде "химиялық заттардан күйіп" қалғанын айтты – екі белсенді ойыншық тапаншамен бояу шашқан.

Сотта куәгер болған белсенді Айдар Мүбәраков Азаттыққа полицейлер жала жапқанын айтты.

—[Су] аралас гуашь болған. Біз оны трансляция кезінде де көрсеттік. Жәбірленуші жеті полицей бізге жала жауып, "химиялық заттан күйіп қалғанын" айтты. Адвокат "химиялық күйік" болмағаны жөнінде дәрігердің қорытындысын да көрсетті. Ойыншық тапанша. Гуашьты сумен араластырған. Біздің жігіттерге де сол бояу тиді. Оларға ештеңе болған жоқ, – деді Мүбәраков.

Сот Қазиевке үш жыл бойы әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарына әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тақырыптар бойынша материал жариялауға тыйым салды. Үкім бойынша, оның қамауда болған күндері түрмедегі екі күнге пара-пар болып есептеледі. Соны ескергенде, Қазиев енді түрмеде бір жыл және бірнеше апта отыруға тиіс.

Сот үкімі әзірше күшіне енбеген. Істі судья Мәди Көшікбаев қараған. Жақтастары іс саясиланғанын айтады. Сот үкімге түсініктеме берген жоқ.

Азаматтық белсенді Еркін Қазиев бейбіт акцияларға жиі қатысып, билікті сынап, "саяси тұтқындарды" босатуды талап етеді. 2019 жылы қазанда Қазиев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген айыппен бір жылға бостандығы шектеліп, 100 сағат қоғамдық жұмысқа салынған. Оны "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (Астана соты оны "экстремистік ұйым" деп танығанымен, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды) қолдады деп айыптады. Қазиев тағылған айыптарды жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG