Астанадан Маңғыстауға пойызбен кетіп бара жатқан наразы мұнайшылар жұмыссыздық мәселесі шешілмесе, Астанаға оралуға дайын екенін мәлімдеді. 13 сәуірде олар станциялардың бірінде видеомәлімдеме жасады.
"Астанадан үкімет басшылары уәде беріп, талаптарымызды оң нәтижемен орындап береміз деген соң, сапарға шықтық. Ал 12 сәуірден бастап бір тәулік бойы жол үстіндеміз. Алайда Астана қаласында қалған өз өкілдерімізден және үкімет басшыларынан еш нәтиже, оң хабар болмаған соң, біз, жұмыссыздар мәжбүрлі түрде өз еркімізбен Астанаға жол сапарына қайтуға дайынбыз" дейді жұмысшылар.
13 сәуірде мұнайшылардың 10 өкілі мен "ҚазМұнайГаз" арасында келіссөз басталған. Алайда кездесу қорытындысы туралы ақпарат айтылмайды. Жұмысшылар ортақ шешімге келе алмағанын және алданғанын айтады.
Бұған қоса, TikTok-та "ҚазМұнайГаз" өкілдерімен кездесу кезінде мұнайшылардың бірі 11 сәуірдегі ұстау кезінде "өздерін арнайы жасақ сабағанын" айтты.
"Пойызда кетіп бара жатқан жігіттердің біреуі қан сиіп жатыр, біреуін бүйрегінен теуіп тастаған, біреуінің көзі көгерген" дейді ол.
"Екі жылдан бері бір кассета айналып келе жатқан. Талабымыз бойынша ешқандай өзгеріс жоқ. Басшылармен кездестіреміз деді ғой, бірақ орынбасарлары ғана келеді" дейді видеода сөйлеген адамдар.
11 сәуірде кешкісін полиция Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласынан тұрақты жұмыс беруді талап етіп, Астанаға арнайы келген ондаған мұнайшыны энергетика министрлігі алдынан күштеп көлікке салып, полиция бөлімдеріне алып кеткен. Түні бойы полицияда болған мұнайшылардың көбі 12 сәуірде таңертең Астанадан пойызбен Маңғыстауға қайтқан. Мұнайшылардың 10 өкілі Астанада қалып, 13 сәуірде күндіз "ҚазМұнайГазбен" келіссөзді жалғастыратыны хабарланды.
Елде белсенділер мен бірқатар қоғамдық ұйым Астанада полиция тұрақты жұмыс сұраған мұнайшыларды дөрекілікпен ұстағанын айыптаған. Жаңаөзен мұнайшыларын қолдаған белсенділердің бірі қамалып, бірін полиция шақырып жатыр.