Accessibility links

Астанада Назарбаев қорымен байланысты компаниямен көлік тұрағы бойынша жасалған келісім тексеріледі


14 сәуірде үкімет отырысында Астанадағы көлік тұрақтарын басқаратын компаниямен келісімді қайта қарау тапсырылды. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, келісім Назарбаев қорымен байланысты компаниямен жасалған.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, орталық мемлекеттік аппарат жетекшілерінің қатысуымен өткен монополиямен күрес жөніндегі комиссияның кезекті отырысында "Астана қаласының ақылы көлік тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару" туралы жоба бойынша мәлімет айтылған. Оны жүзеге асыру үшін Астана әкімдігі 2018 жылы "Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС компаниясымен келісім жасасқан. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәл осы келісімнің заңдылығы тексеріледі.

Бұған қоса, үкімет отырысында энергетика саласындағы кейбір нысандарды мемлекет меншігіне қайтару және пайдалы қазбаны игеруге берілген лицензияның заңдылығын тексеру мәселесі қаралған.

"Власть" сайтының хабарлауынша, былтыр "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясының иесі бірнеше рет ауысқан. Бұрын компанияға "Жасыл жер" ЖШС жетекшілік еткен, ал оны әр жылдары Назарбаев қоры немесе соған қарасты компаниялар басқарған. Астанадағы тұрақтар бойынша келісім компанияны Назарбаев қоры басқарған кезде жасалған.

Былтыр сәуірде Алматы әкімдігі "Алматы спецтехпаркинг сервис" және Alan Parking компаниялары қала меншігіне қайтарылғанын хабарлаған. Бұл екі компания да бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарына, жуырда "ірі көлемде ақша жымқырды" деген айыппен сотталған кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі болғаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG