Украина үкіметі спортшыларына Ресей және Беларусь спортшыларымен бір жарысқа қатысуға тыйым салды. Жастар және спорт министрлігінің бұйрығы Жоғарғы рада депутаты, грек-рим күресінен олимпиада чемпионы Жан Беленюктің телеграм-арнасында жарияланды.
Құжатта украин спортшыларына ресейліктермен және беларусьтіктермен жарысуға мүмкіндік берген Украинаның спорт федерациялары ұлттық мәртебесінен айырылатыны жазылған. Министрлік шенеуніктері мұндай жарыстардан делегацияларын қайтаруға тиіс.
Сөз Украина туымен өнер көрсететін жеке спортшылар емес, украин құрамалары жөнінде болуы мүмкін.
Бірақ наурызда Украина министрлер кабинетінің өкілі Олег Немчинов тыйым барлық украин спортшысына қатысты деп мәлімдеген.
"Ресейліктері жоқ іріктеу жарыстарына ғана қатысамыз деген хаттамалық шешім қабылдадық" деді ол ұлттық телемарафон эфирі кезінде.
Шешімді Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) сынады. Сәуірдің басында ол бұл "Украинадағы спорт қауымдастықтарына зиян келтіреді" және "украин спортының дербестігі туралы мәселені қозғайды" деп мәлімдеген.
ХОК әдетте үкіметтерге спорт федерацияларының жұмысына тікелей араласуға тыйым салады және спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуын үкімет шешпеуге тиіс деп есептейді. Ұйым шектеуге тап болған жарыстарға қатысқысы келетін украин спортшыларына көмектесетінін айтқан.
- Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ресей мен Беларусь спортшылары халықаралық жарыстардан шеттетілген. Наурызда ХОК бұл елдердің бейтараптық ұстанған, соғысты қолдамайтын спортшыларын жарыстарға жіберуге кеңес берген. Мұны Еуропадағы бірнеше мемлекет сынаған.