Accessibility links

Мұнайшылар мен "ҚазМұнайГаз" арасындағы келіссөз: наразылар хаттама мен регламент ашықтығын талап етті


Жаңаөзендік мұнайшы (сол жақта) мен "ҚазМұнайГаз" өкілі келіссөздің хаттамасын алуды талқылап жатыр. Астана, 14 сәуір, 2023 жыл.
Жаңаөзендік мұнайшы (сол жақта) мен "ҚазМұнайГаз" өкілі келіссөздің хаттамасын алуды талқылап жатыр. Астана, 14 сәуір, 2023 жыл.

Астанада жаңаөзендік мұнайшылар атынан келіссөзге қалған 10 адам "ҚазМұнайГаздан" келіссөздің хаттамасын беріп, регламент белгілеуді талап етті.

Келіссөзге қатысып жатқан мұнайшылардың бірі Есенжан Әбдірахимовтің айтуынша, 13 сәуірде мұнайшылар үш рет келіссөзге отырған, алайда ешқайсысының хаттамасы берілмеген.

"Хаттамаларды беріп, регламентті көрсетуді сұраймыз: кім қатысып жатқанын, келіссөз қашан басталғаны туралы мәлімет болуға тиіс. Әйтпесе бізге біресе 9-да келіңдер дейді де, сосын 11-ге ауыстырады, сосын кешкі 6-ға шегереді. Бұл – келіссөз емес" деді Есенжан Әбдірахимов. Ол келіссөздің хаттамасын берген кезде ғана келіссөзге кіретінін айтты.

Астанада мұнайшылар хаттаманың жоқтығына шағымданғаннан кейін "ҚазМұнайГаз" өкілі Бақдәулет Төлегенов шығып, хаттаманы беретінін айтты, алайда қашан беретінін нақтымалады.

Жаңаөзен мұнайшылары мен "ҚазМұнайГаз" келіссөзінен әлі нәтиже жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:58 0:00

14 сәуірде таңертең Астанадан Маңғыстауға екі күн жол жүріп жеткен наразы мұнайшылар "Өзенмұнайгаз" компаниясы алдына қайтадан жиналып, талаптары орындалмайынша тарамайтынын айтқан еді.

Бұған дейін TikTok-та "ҚазМұнайГаз" өкілдерімен кездесу кезінде мұнайшылардың бірі 11 сәуірдегі ұстау кезінде "өздерін арнайы жасақ сабағанын" айтқаны туралы видео тараған. 14 сәуірде Астанада мұнайшылардың бірі Азаттық тілшісіне мәліметті растады.

"СОБР келген кезде ұрып-соғу болды. Ал полиция бөлімшелеріне барғаннан кейін ондай қысым болған жоқ. Сол кезде арнайы жасақтың әрекетінен жарақат алғандар болды. Халық ушығып кетпесін, Қаңтардағыдай хаосқа бармасын деген оймен бір ақылға келіп, өзімізбен бірге келген халықты ауылға жіберуге үлесімізді қостық. Шыны керек. Басшылар талаптарыңызды орындаймыз деген соң, халыққа жалынып, оларды ауылға жіберген едік" деді келіссөз жүргізіп жүрген мұнайшылардың бірі Қайрат Қосмағанбет.

Ал ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Меңдолла Шамұратов "мұнайшыларды ұстау кезінде ұрып-соғу болды" деген ақпаратты терістеді.

"Негізі, бізге ешкім шағымданған жоқ. "Күш қолданды", "құқымызды аяққа таптады" деген шағым тіркелген жоқ" деді ол Азаттыққа.

Астанада жаңаөзендік мұнайшылар мен "ҚазМұнайГаз" өкілдері арасында келіссөз жүріп жатқанына екі күн болды. Мұнайшылар бәрі ашық болуы үшін келіссөзге журналистерді кіргізуді сұраған, алайда ақпарат құралдары кіргізілмеді.

ҚМГ 11 сәуірде Астанада комиссия жұмыс істей бастағанын, оның құрамына еңбек, ұлттық экономика министрліктерінің, "Самұрық-Қазына" мен "ҚазМұнайГаздың" өкілдері және "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының бұрынғы 10 жұмысшысы кіргенін айтты.

ҚМГ таратқан хабарламада мұнайшылардың "талаптары Жаңаөзен тұрғындарының мүддесі мен құқықтарына қайшы" деп жазылған. Бұдан соң Астанада қалған мұнайшылар 14 сәуірде "ҚазМұнайГазды" "өтірік ақпарат таратып, жергілікті халықты айдап салуды тоқтатуды" талап еткен.

XS
SM
MD
LG