Accessibility links

"Вагнер" жетекшісі Пригожин ұзақ соғыс Ресей мемлекеттігіне қауіп төндіретінін айтты


Евгений Пригожин.
Евгений Пригожин.

"Вагнер" жеке әскери компаниясының жетекшісі Евгений Пригожин өзінің блогында Украинадағы соғысты тоқтатуды ұсынып, оның мақсаты орындалған болып танылсын деді. Оның пікірінше, ұзақ соғыс Ресей мемлекеттігіне қауіп төндіреді.

Мәлімдеме Пригожиннің телеграм арнасында жарияланды, оған сілтеме "Кепка Пригожина" арнасында да бар. Бұл арнада әдетте әскери компанияның баспасөз қызметі ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап береді.

Материалда ұзақ соғысты Ресей элитасы қолдамайтыны жазылған. Ол мәтінде "глубинное государство" (мемлекет ішіндегі мемлекет) деген тіркесті қолданған.

"Кеше ғана арнайы операцияны қолдағандардың көбі бүгін күмәнданып немесе болған оқиғаларға түбегейлі қарсы болып отыр. "Мемлекет ішіндегі мемлекет" өкілдері қалыпты әрі жайлы өміріне тезірек оралғысы келеді" деп жазды Пригожин.

Оның айтуынша, элита арасында соғысқа қарсылар "арнайы операцияны" жалғастыру үшін қабылданған шешімдерді қасақана бұрмалап отыр.

"Жиналыс кезінде олар үнсіз қалады, күдік келтіреді. Ал бюрократиялық процедуралар бойынша шешім қабылдаған шақта жеңіске бағытталған әрекеттер тежеледі" деді ол.

Пригожиннің айтуынша, украин армиясының қарымта шабуылы жеңіспен аяқталуы мүмкін.

"Мұндай жағдайда жылдар бойы өзін үздік санаған [Ресей] армиясының рухы түсіп, жағдай қиындауы мүмкін" деп жазды "Вагнер" жетекшісі.

Оның айтуынша, оқиға осылай өрбісе, Ресейде әлеуметтік жарылыс болып, Ресей билігімен қатар элита өкілдеріне де қатер төнуі ықтимал: "халық кінәлілерді, жауапкершілікті кімге артуды іздей бастайды" деді. Дегенмен ол аралық кезеңде бейбітшілікке қол жеткізгеннен гөрі соғыста жауды талқандағанды тиімдірек көреді.

  • Пригожиннің "Вагнер" жеке әскери компаниясына қатысы бар екені 2014 жылдан бастап айтылған, алайда ол мұны 2022 жылғы қыркүйекке дейін жоққа шығарып келген. "Вагнерге" қатысы барын мойындағаннан кейін ол Украинадағы соғыс туралы жиі айтып, әскери қимыл аймақтарынан түсірілген суреттерді жиі жариялап, Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктерін сынады.
  • Орасан зор шығынға батса да, "Вагнер" әскери компаниясы Украинада соғысуға қабілетті екенін көрсеткен. Алайда көптеген дереккөз Пригожин мен Ресей қорғаныс министрлігі арасындағы кикілжіңдер туралы жиі хабарлайды. Соның салдарынан кей кезде қару-жарақ пен оқ-дәрі кешігіп жеткен.
  • Америка барлау қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Ресей президенті Владимир Путиннің өзі Пригожин мен қорғаныс министрі Сергей Шойгуды татуластырмақ болған. Пригожиннің жоғары лауазымды шенеуніктерді сынауы әзірше ешкімнің карьерасына аса қатты әсер етпеген.
XS
SM
MD
LG