Украинаның Донецк облысындағы Славянск қаласына жасалған зымыран соққысынан қаза болғандар 11 адамға жетті. Бұл жөнінде Донецк облысы әкімшілігінің жетекшісі Павел Кириленко хабарлады.
Қаза болғандар арасында екі жасар бала бар. Үйінді астынан құтқарылғаннан кейін жедел жәрдем көлігінде баланың демі үзілген.
21 адам жарақаттанған. Оқиға орнында іздеу-құтқару жұмысы жүріп жатыр. "Үйінді астында адамдар тағы қалған болуы мүмкін" деді Кириленко.
Ресей әскері Славянск қаласын 14 сәуірде зымыранмен атқылаған. Кириленконың сөзінше, С-300 зымыраны түскен. Украина президенті Владимир Зеленский 15 сәуірде соққы салдарынан 50-ден астам тұрғын үй қирағанын айтқан.
"Зұлым мемлекет болмысын көрсетіп жатыр. Адамдарды өлтіріп, бәрін қиратып, жойып жатыр. Әрбір террористік әрекеті үшін әділетті түрде жазаланады. Жерімізде Ресейдің ізін қалдырмаймыз. Жауымыздың бірде-бірін жазасыз қалдырмаймыз" деп жазды Зеленский әлеуметтік желіде.
ПІКІРЛЕР