Ресей президенті Владимир Путин жексенбінің кешінде Қытайдың қорғаныс министрі Ли Шанфумен кездескен. Бұл жөнінде Кремль мен Ресейдің мемлекеттік ақпарат агенттіктері хабарлады.
Ли Шанфу Қытай қорғаныс министрі болып тағайындалғаннан кейінгі алғаш рет шетелге сапарлап отыр. Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі Қытай министрі 16-18 сәуір аралығында Мәскеуде болатынын хабарлаған. Ли Шанфудың Путинмен кездесетіні алдын ала жарияланбаған, Сергей Шойгумен кездесетіні ғана айтылған. Путин Қытай қорғаныс министрін қабылдағанда жанында Шойгу да болған.
Путин кіріспе сөзінде Мәскеу мен Пекиннің әскери саладағы ынтымақтастығы "табысты" жүріп жатқанын айтып, екі елдің әскери ведомствосы тұрақты түрде ақпарат алмасып, бірлескен жаттығу өткізіп жүргенін сөз еткен. Ли Шанфу Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің "Қытай мен Ресей қатынасы қырғиқабақ соғыс кезеңіндегі әскери-саяси одақтан асып түскені" туралы сөзін қайталаған.
Кездесуде талқыланған мәселелелер туралы егжей-тегжейлі ақпарат жарияланбаған.
Бұдан бірнеше апта бұрын Қытай төрағасы Си Цзиньпин Мәскеуге келіп кеткен. Екі ел басшысының кездесуінде Украинадағы соғыс та сөз болып, Путин Қытайдың "бейбіт жоспарындағы" көп жайтты қолдайтынын айтқан.
Қытай қорғаныс министрлігіндегі басқарма басшыларының бірі болып жүргенде Ли Шанфу Қытай әскерінің Мәскеумен ынтымақтастығы үшін АҚШ-тың санкция тізіміне енгізілген.
Батыс елдері, оның ішінде АҚШ-та бар, Си Цзиньпин сапарынан кейін Қытай Ресейге әскери көмек беруі мүмкін деп қауіптенген. Алайда НАТО өкілдері Қытайдың Ресейге қандай да бір әскери көмегі туралы әзірге мәлімет жоқ екенін хабарлаған. Қытайдың ресми өкілдері Ресеймен стратегиялық серіктестігі жайлы мәлімдегенімен, оның Украинаға басқыншылығын қолдайтыны жөнінде тікелей айтқан емес. Қытайдың "бейбіт жоспарында" екі тарапты бітімге шақыру, Ресейге салынған санкцияны алып тастау мәселесінен өзге "мемлекеттердің аумақтық тұтастығын құрметтеу" туралы пункт те бар.