Жаңаөзен қаласындағы қос қабатты үйлердің бірінде "газ баллоны жарылып, подъезд опырылған", зардап шеккендер бар. Бұл туралы ресми хабарды төтенше жағдайлар министрлігінің телеграм-арнасы жариялады.
Түске дейінгі хабарға қарағанда, үйінді астынан үш адам тірі, төрт адам өлі табылған.
Министрлік таратқан ақпаратқа қарағанда, 17 сәуірде Астана уақытымен таңғы 5 шамасында Жаңаөзен қаласының 2-ықшамауданындағы екі подъезі бар 12 пәтерлі екіқабатты үйде газ баллоны жарылған. Жарылыс 150 шаршы метрді алған (үйдің жалпы ауданы – 600 шаршы метр).
Қазірге дейін 12 адам зардап шеккені анықталып, медициналық қызметке тапсырылған. Жарылыс қалай, неден болғаны енді анықталады.
"Үйінді маңында Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар қызметінің 50-ден астам құтқарушысы мен кинологиялық тобы және 10 техникасы жұмыс істеп жатыр" деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
12 адамға медицина көмегі көрсетілген. Оның сегізі – бала. Бес адам ауруханаға жатқызылған.
Маңғыстау облысының ТЖД жанынан жедел штаб құрылып, жедел желі телефоны ашылған: 8 (7292) 31 90 99.
ПІКІРЛЕР