Accessibility links

Соғыс кезіндегі Пасха ғибадаты: Ресей Украина шіркеулерін зымыранмен атты


Камышеваха кентіндегі қираған шіркеу. Украина.
Камышеваха кентіндегі қираған шіркеу. Украина.

Ресей мен Украина православ шіркеуі Пасха ғибадатын өткізді. Бұл – 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі екінші рет өткен Пасха құлшылығы.

Пасха кезінде бітім жасасу туралы екі тараптың қандай да бір келісімге келгені туралы ақпарат жоқ. Екі тарап та жексенбі күнгі мереке кезінде атыс болғанын хабарлады.

Украинаның Днепропетровск облысының Никополь қаласы атқыланған. Бұл ақпаратты облыс басшысы Сергей Лысак хабарлады. Қаладағы шіркеуге де зақым келіп, екі адам жараланған. "Ресей үшін қастерлі ештеңе қалмағаны тағы да көрінді" деп жазды Лысак телеграм-арнасына.

Запорожье облысының басшысы Юрий Малашко Камышеваха кентіндегі шіркеу атқыланғанын хабарлады. Бұл кезде шіркеуде ғибадат жүріп жатпағандықтан, ешкім зардап шекпеген. Сумы облысының психоневрологиялық интернатына әуеден соққы беріліп, бір әйел зардап шеккен.

Ресей атқылаған Николаев облысында 2005 жылы туған екі жасөспірім өлген. Мұны облыс басшысы Виталий Ким мәлімдеді. Оның сөзінше, Снигиревкадағы мәдениет үйі мен тұрғын үйге және ауруханаға зақым келген. Ресей бұл жөнінде түсініктеме бермеген.

Донецкінің Ресей тағайындаған басшылары да жексенбі күні кешкісін қалаға оқ атылғанын мәлімдеп жатыр. Олардың сөзінше, зымыран сынықтары Спас-Преображение кафедрал соборының маңына түсіп, бір әйел өлген.

  • Ресей басқыншылығына байланысты Украина православ шіркеуі Мәскеу патриархатынан бөлініп, өзін дербес шіркеу деп жариялаған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский видеоүндеу жолдап, Пасханың басты символы әділет, мейірім мен өмір екенін, Украина сол үшін күресіп жатқанын атап өткен.
  • Орыс православ шіркеуінің басшысы, патриарх Кирилл Мәскеудегі Христос Құтқарушы храмындағы ғибадатты басқарған. Құлшылық рәсіміне Ресей президенті Владимир Путин де келген. Патриарх Кирилл "бауырлас екі ел арасындағы бейбіт өмір үшін" дұға оқитынын айтқан. Ол Ресей жерін де, Украина жерін де "орыс жері" деп сипаттаған.
  • Рим Папасы Франциск 16 сәуірде Пасханы атап өтетін христиандарға Құдайға Украина-Ресей соғысы тоқтасын деп жалбарынуды сұрап, үндеу жасаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG