17 сәуірде Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель Германияның ең жоғарғы наградасы – "Германия Федеративтік Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін" деп аталатын Үлкен крест орденімен марапатталды. Мемлекет басшысының Берлиндегі "Бельвю" сарайында өткен салтанатты рәсімде Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер сөз сөйлеген.
Штайнмайер Меркельмен көп жыл бірге жұмыс істеп, Меркель үкіметінде вице-канцлер және сыртқы істер министрі болған. Германия президенті сөзінде Меркельдің социалистік ГДР-дан шыққан әйел әрі ғалым екенін, канцлер ретіндегі ерекше рөлін атап өткен. Штайнмайер "диктатура тәжірибесінен өткені демократияны дамыта түсу жолындағы күрес кезінде Меркельге күш берді, қиын жағдайларға қарамастан, елімізді экономикалық табысқа жетеледі" деп сипаттаған.
"Ол ешқашан қара басын күйттемеді, мақтансүйгіштіктен, даңққұмарлықтан, кеудемсоқтық пен екіжүзділіктен ада болды" деді Штайнмайер.
Ангела Меркель жауап сөзінде салтанаты рәсімге шақырылған бұрынғы әріптестері мен серіктерін және туыстарын атап өтумен шектелген. Оның ішінде Еурокомиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен мен Германия футбол құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы Юрген Клинсманн да бар.
Ангела Меркель 16 жыл Германия үкіметін басқарған тұста "орасан зор жақсы тәжірибе жинағанын" айтқан.
"Саясатты "жылан толы шұңқыр" деушілер көп. Мен былай дегім келеді: егер саясаттың басқа да қыры болмаса, тірі қалмас едім. Маған көп қуаныш сыйлаған да – саясаттың сол қыры" деді Ангела Меркель.
Алайда орден тапсырылар алдында Меркельді өзінің Христиан-демократиялық одағы партиясының мүшелері сынаған. Осы партия төрғасының орынбасары Карстен Линнеманн RTL арнасына берген сұхбатында, "Меркельдің еңбегі зор екені анық, бірақ ол қатеге де жол берді, тіпті өрескел қателері де бар" деген. Азат демократиялық партияның бас хатшысы Биджа Жир-Сарай RND медиа тобына "Меркель қызметінің соңына қарай еліміздің жағдайы мәз емес еді" деп сұхбат берген. Солшылдар партиясының төрағасы Янине Висслер "Меркельдің тұсында әлеуметтік теңсіздік күшейіп, кедейшілікте өмір сүретін бала көбейді" деп ренжіген.
Керісінше, Германия социал-демократтар партиясы және "90-жылдар мен Жасылдар одағы" "Меркельдің еңбегі ерен" деп бағалаған. Социал-демократтар басшысы Саския Эскен RND тобына берген сұхбатында "Меркельдің дипломатиялық таланты мен сезімтал ақылына тәнтімін, соның арқасында елдің ішінде де, сыртында да коалиция құрылып, тіл табыса алды" деді. Жасылдар партиясының төрағасы Омид Нурипур "Меркель басқарған кезең Германия тарихында ерекше із боп қалды" деп бағалаған.
Германияның жоғары мемлекеттік наградасы азаматтарға "қоғам алдындағы ерекше еңбегі үшін" беріледі. Меркельге дейін мұндай наградамен канцлерлер – Конрад Аденауэр мен Гельмут Коль марапатталған.
ПІКІРЛЕР