18 сәуірде Кремльдің баспасөз қызметі Путин Украинаның Ресей басып алған жерлері – Херсон және Луганск облыстарына барғанын хабарлады. Бұл хабарға қарағанда, Путин Херсон бағытындағы "Днепр" әскери тобы мен Луганскідегі "Шығыс" әскерінің штабтарына барған. Қашан барғаны айтылмаған.
Видеодан Путиннің күндіз Ми-8 тікұшағынан түсіп, кортежбен Геническ қаласына қарай шыққаны көрінеді. Геническ Херсон облысындағы Ресей әскерінің орталығына айналған.
"Днепр" әскери тобының штабында Путин әуе десанты әскерінің қолбасшысы, генерал-полковник Михаил Теплинскийдің, "Днепр" әскери тобының қолбасшысы, генерал-полковник Олег Макаревичтің және өзге де әскери басшылардың баяндамаларын тыңдаған.
Бұған дейін АҚШ-тың әскери сарапшылары мен британ барлауы қаңтарда қызметінен алынған Теплинскийдің майданға оралғанын хабарлаған.
Путин Украинадан басып алынған жерге бұған дейін де екі рет барған.