Accessibility links

Украина қалалары тағы шабуылға ұшырады. Киевке "NASA спутнигі құлады"


19 сәуірде кешкісін Днепрде жарылыс болғанын жергілікті телеграм-арналар жазды. Ирандық камикадзе-дрондар Украинаның Днепропетровск облыстарында байқалған. УНИАН агенттігінің хабарлауынша, Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак әуе шабуылынан қорғайтын жүйе әуе соққыларына тойтарыс беріп жатқанын мәлімдеген.

Жергілікті билік тұрғындарды сыртқа шықпауға, украин әскерінің қозғалысы туралы ақпарат таратпауға үндеген.

Кешкі сағат 9-дан кейін Днепропетровск, Запорожье, Донецк және Луганск облыстарында әуе дабылы іске қосылған.

Сағат 21.50-де жергілікті телеграм-арналар Днепр маңындағы елді мекенде болған өрттің видеосын жариялады.

Украина ақпарат құралдарының хабарлауынша, 19 сәуірге қараған түні орыс әскері Одесса облысына ирандық "Шахед" дрондарымен шабуылдаған. Қорғаныс саласы дрондардың басым бөлігін атып түсіре алған, алайда соққы тиген қоғамдық инфрақұрылым нысандары бар. Украина қарулы күштерінің мәліметіне сүйенген BBC-дің хабарлауынша, 19 сәуірге қараған түні Одесса облысында ирандық 12 дронның 10-ы атып түсірілген.

Орыс әскері атқылаған Донецк облысында бір адам опат болып, 13 адам жараланған. Украинаның ресми дереккөздерінің хабарлауынша, Ресей басқыншылығы басталғалы бері облыста 1476 адам қаза болып, 3412 адам жараланған.

19 сәуірде кешкісін Киев тұрғындары қала төбесінен жарқыраған белгісіз бір нысанды көрді. Әзірге толық емес мәлімет бойынша, бұл Жерге NASA спутнигі құлағанына байланысты болуы мүмкін. Бұл жөнінде Киев қалалық әскери әкімшілігі хабарлады. Украина қарулы күштері де Facebook-те оқиғаны сонымен байланыстырды.

"19 сәуірде сағат 22.00 шамасында Киев төбесінде жарқыраған әуе нысаны байқалды. Алдын ала мәлімет бойынша, NASA спутнигі Жерге құлағандықтан, осындай құбылыс байқалған" деді Киев қалалық әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Попко.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG